Общество

Экологиялық реттеу комитеті 2026 жылдың 9 айындағы жұмыс қорытындысын жариялады

Экологиялық реттеу және бақылау комитетінде 2026 жылдың 9 айының жұмыс қорытындылары шығарылды. Алқа отырысында негізгі бағыттар талданып, жылдың қалған бөлігінде атқарылатын негізгі міндеттер нақтыланды.

Экологиялық бақылау шараларының нәтижелері

2026 жылдың алғашқы 9 айында аумақтық экология департаменттері 1145 тексеру жүргізіп, 3202 заңбұзушылық анықтады. Тексеріс нәтижесінде 1759 нұсқама беріліп, жалпы көлемі 95,9 млрд теңге болатын 3020 әкімшілік айыппұл салынды. Отырыста тексерулердің сапасы, нұсқамалардың орындалуын бақылау және айыппұлдарды өндіріп алу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Автоматтандырылған мониторинг жүйелерін енгізу барысы

Өнеркәсіптік кәсіпорындарда шығарындыларды бақылау үшін автоматтандырылған жүйелерді енгізу жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта мұндай жүйелерді орнатуы тиіс 113 кәсіпорынның 90-ында жабдық орнатылған. Оның 85-і деректерді ұлттық деректер банкіне жолдап отыр. Қалған 5 кәсіпорында деректерді беру және тестілеу жүріп жатыр, ал 23 кәсіпорында жүйе енді енгізілуде. Деректерді бермеген 48 кәсіпорынға жалпы көлемі 30,8 млн теңге әкімшілік айыппұл салынды.

Экологиялық заңнаманы жетілдіру жұмыстары

2026 жылы экологиялық реттеу жүйесін жетілдіру, бақылау рәсімдерін цифрландыру және табиғат пайдаланушылардың жауапкершілігін күшейту бағытында жұмыстар жүргізілді. Заңнамалық өзгерістер автоматтандырылған мониторинг жүйесін орнату, деректерді беру талаптарына және экологиялық құқық бұзушылықтарды тіркеу тетіктерін жетілдіруге бағытталған. Сондай-ақ ірі кәсіпорындарды ең үздік қолжетімді техникаларға көшіру және кешенді экологиялық рұқсаттар беру шаралары жалғасуда.

Ауаның сапасын жақсарту және қоқыс үйінділерін жою

Өнеркәсіптік қалалардағы атмосфералық ауаның ластануы мәселелері жеке қаралды. Ластаушы көздердің ерекшеліктерін, маусымдық өзгерістер мен ауа райын ескере отырып, кешенді шаралар әзірлеу тапсырылды. 597 іс-шарадан тұратын 19 жол картасы дайындалып, оның 276-сы орындалды. 2026 жылы 2715 қоқыс үйіндісі анықталып, оның 94%-ы (2565) жойылды. Қалдықтармен жұмыс істеу талаптарын бұзғаны үшін 239 лауазымды тұлғаға 24 млн теңге айыппұл салынды.

Болашақ міндеттер мен басымдықтар

Отырыста алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер белгіленді. Мемлекеттік экологиялық бақылау сапасын арттыру, нұсқамалардың дер кезінде орындалуын қамтамасыз ету, автоматтандырылған мониторинг жүйелерінен деректердің үздіксіз берілуіне бақылау басты назарда болады. Сонымен қатар, халықтың өтініштерін сапалы қарау, орындаушылық тәртіпті сақтау және халықпен ашық байланыс орнату талап етілді. Аумақтық департаменттердің тиімділігі қоршаған ортаның ластануын азайтуға және нақты нәтижелерге қол жеткізуге байланысты бағаланатыны айтылды.

Дереккөз: gov.kz

Другие новости

Back to top button