Главные новости

Астанада 2024 жылы аяқталатын ірі жол жобаларының тізімі жарияланды

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек биыл аяқталатын маңызды жол жобалары туралы әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді. Оның айтуынша, елордада жол-көлік инфрақұрылымын кешенді дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Жыл соңына дейін 50-ге жуық жол нысанында құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 15 шақырым жаңа жол салынады.

Тәуелсіздік көшесін кеңейту және инженерлік желілерді тарту

Тәуелсіздік көшесінің Қабанбай батыр даңғылынан Хусейн бен Талал көшесіне дейінгі бөлігінде нөсер және тұрмыстық кәріз жүйесі, кабельдік арна, жылу трассасы, байланыс желілері мен кәріз сорғы станциясы салынып жатыр. Жоба іске асса, Мәңгілік Ел мен Тұран даңғылдарындағы көлік кептелісі азайып, сол жағалаудағы жаңа құрылыс аймағы инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Қараша айының соңына дейін осы учаскеде жолдың бір жағымен көлік қозғалысын толық ашу жоспарланған.

Жангелдин көшесі мен әлеуметтік нысандарға қолжетімділік

Жангелдин көшесінің құрылысы К. Күмісбеков пен Ш. Бейсекова көшелерін жалғайды. Бұл №65 мектеп-гимназиясына, техникалық колледжге және «Білім-Инновация» мектеп-интернатына көлікпен ыңғайлы жетуді қамтамасыз етеді. Жоба аясында инженерлік желілер мен жол төсемі салынып, 10 қарашаға дейін көлік қозғалысы ашылады.

Тілендиев даңғылы мен Бейсекова көшесінде жолайрық салу

Н. Тілендиев даңғылы мен Ш. Бейсекова көшесінің қиылысында екі деңгейлі жолайрықтың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Көпірдің металл конструкциялары толық аяқталды, «Астықжан» сауда үйі жағындағы жолда асфальт төселді. Инженерлік коммуникациялардың негізгі бөлігі (90%) аяқталды. Бұл жоба Ақан сері, Ш. Қосшығұлұлы мен К. Күмісбеков көшелеріндегі көлік жүктемесін азайтпақ. Сондай-ақ Көктал мен Агроқалашық елді мекендерінің тұрғындарына қатынасты жеңілдетеді. Жаңа жолайрық сол жағалау мен Үркер елді мекенін байланыстыратын жол желісін жақсартады.

Абайдың 150 жылдығы көшесі мен Пригородныйдағы жобалар

Тілендиев даңғылынан Бейбарыс Сұлтан көшесіне дейінгі аралықта Абайдың 150 жылдығы көшесінің құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін бұл учаскеде де көлік қозғалысы ашылмақ. Пригородный елді мекенінде Местная 7 және Е522 көшелерінде де жол құрылысы жүргізілуде. Е522 көшесінің 600 метріне асфальт төселді, қазан айының соңына дейін бұл көшеде де көлік қозғалысы ашылады.

Қаланың барлық ауданында жол жөндеу жалғасады

Астананың барлық ауданында жол жөндеу және құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әкім қаладағы барлық мердігер ұйымдарға белгіленген мерзімді қатаң сақтап, құрылыс сапасына мән беруді тапсырды.

Дереккөз: gov.kz

Другие новости

Back to top button