Главные новости

Астанада Республика күніне орай 120-дан астам іс-шара өтеді

25 қазанда елімізде Республика күні тойланады. Осы мерекеге орай Астанада 120-дан астам салтанатты, мәдени-танымдық, білім беру, спорттық және әлеуметтік бағыттағы іс-шаралар өтеді. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін концерттер, көрмелер, спектакльдер, спорттық турнирлер, мерекелік акциялар және жаңа нысандардың ашылуы жоспарланған.

Астанада жаңа нысандар ашылады

Республика күні қарсаңында бірнеше жаңа нысан пайдалануға беріледі. М. Төлебаев көшесі, 3-те «TANYM SPORT» көпфункционалды кешені, Сұлтан Бейбарыс көшесі, 15-те «TANYM ART» кешені ашылады. Сонымен қатар №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының қосымша ғимараты мен №2 қалалық көпбейінді аурухананың қабылдау-диагностикалық кешені іске қосылады.

Мәдени және білім беру шаралары

Мереке аясында әдеби және өнер қайраткерлерімен кездесулер, ғылыми-практикалық конференциялар, көрмелер, пікірсайыстар, түрлі тақырыптағы кештер өтеді. 20 қазанда «Жастар» сарайында «Елім деп соққан жүрегім» атты патриоттық кеш ұйымдастырылады. Сол күні барлық мектепте бірыңғай сынып сағаттары өтеді. 20-24 қазан аралығында «Егер мен Президент болсам…» атты пікірсайыстар мен «Менің елім – Қазақстан» сурет байқауы өткізіледі.

21 қазанда Сәкен Сейфуллин музейінде «Ұлт рухын ұлықтаған Сәкен» кеші, №92 мектеп-лицейінде «QAZAQSTAN QUIZ» зияткерлік ойыны өтеді. 22 қазанда Достық үйінде конференция, орталық балалар кітапханасында жазушы Жолтай Жұмат-Әлмашұлымен кездесу болады. Кешкісін «Жастар» сарайында «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрі концертін ұсынады.

Концерттер мен театрлық қойылымдар

23-25 қазан аралығында қаладағы әр ауданда және түрлі алаңдарда концерттік бағдарламалар өтеді. 25 қазанда Өнер музейінде «Рухты ел» лекция-концерті, М. Горький театрында «Ер-Төстік туралы аңыз» ертегісі көрсетіледі. Музыкалық жас көрермен театры мен Ә. Мәмбетов театры шығармашылық кештер мен спектакльдер ұйымдастырады.

Әлеуметтік осал топтағы балалар үшін Ұлттық музей мен «Бәйтерек» монументіне экскурсиялар өтеді. 24-25 қазанда «Қазанат» ипподромында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Жәрмеңкеге Қарағанды және Қостанай облыстарының ауыл шаруашылығы өндірушілері қатысады.

Спорттық жарыстар мен турнирлер

15-17 қазан аралығында «Барыс Аренада» жүзуден әлем кубогының кезеңі өтеді. 17-18 қазанда Sana Sport кешенінде волейбол турнирі, 19-20 қазанда Паралимпиадалық жаттығу орталығында тоғызқұмалақ және шахматтан чемпионаттар ұйымдастырылады. 22 қазанда шахмат турнирі, 23 қазанда Қаламгерлер аллеясында ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өтеді. 24 қазанда «Барыс Аренада» күрестен әлем чемпионаты өткізіледі.

Дереккөз: gov.kz

Другие новости

Back to top button