БҚО-да алты жылқы ұрлаған екі күдікті ұсталды, мал Атырауда сатылған
Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында полиция қызметкерлері алты жылқы ұрлау фактісін ашты. Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен ауданның екі тұрғыны ұсталды.
Биыл қыркүйекте жайылымнан екі тұрғынға тиесілі алты жылқы ұрланған. Мал иелеріне келген материалдық шығын 1,8 млн теңгені құрады. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция күдіктілерді анықтап, ұстады.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде ұрланған жылқылар алдымен бір қораға қамалғаны анықталды. Кейін малды автокөлікпен Атырау қаласына апарып, сатып жіберген.
Қазір қылмыстық іс бойынша қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша заңда белгіленген процессуалдық шешім қабылданады. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге деректері жария етілмейді.
Дереккөз: gov.kz


