Экология министрлігі мен KAZENERGY мұнай-газ саласының экологиялық талаптарын талқылады
Бүгін Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің басшылығы KAZENERGY Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдары қауымдастығының басшылығы мен мүшелерімен кездесті. Жиында мұнай-газ саласына қатысты экологиялық талаптардың бірқатар өзекті мәселесі қаралды.
Кездесуде мұнай-газ саласының қандай мәселелері талқыланды
Тараптар мұнай-газ өндіру объектілерінің санаттарын қоршаған ортаға әсер ету деңгейіне қарай қайта қарау мәселесін талқылады. Сондай-ақ экологиялық талаптарды станциялардың нақты инвестициялық циклімен және инвестицияны қайтару тетіктерімен үйлестіру ұсынылды.
Күн тәртібіндегі басқа сұрақтар:
- бір жоспарланған қызмет бойынша қоғамдық тыңдауды бірнеше рет өткізуден бас тарту;
- «Мұнай және газ өндіру» ҮҚТ анықтамалығында эмиссияның қатаң шекті деңгейлерін белгілеу;
- Павлодар мұнай-химия зауытының (ПМХЗ) кешенді экологиялық рұқсаты бойынша шешім қабылдау;
- кешенді экологиялық рұқсатқа өтініш беру кезінде eLicense.kz порталының техникалық мүмкіндіктері шектеулі екені;
- көміртегі квоталарын анықтауға қолданылатын эталондарды пысықтау.
Министрлік халықаралық тәжірибе туралы не деді
Кездесу сындарлы әрі мазмұнды диалог форматында өтті. Қатысушылар қолданыстағы заң нормалары мен Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне сілтеме жасалған толық түсініктеме алды.
Министрлік өкілдері нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу кезінде халықаралық тәжірибе зерделенетінін айтты. Оны қазақстандық жағдайға бейімдеу жұмысы жүргізіліп жатыр.
KAZENERGY қандай бастамаларды қолдайды
Кездесу соңында KAZENERGY экология саласындағы ынтымақтастықты дамытуды жалғастыратынын мәлімдеді. Қауымдастық сондай-ақ Қазақстанның энергетика саласын жауапты әрі тұрақты дамытуға бағытталған бастамаларды қолдайтынын атап өтті.
Дереккөз: gov.kz



