Астанадан 77 спортшы Жапониядағы Aichi-Nagoya 2026 Азия ойындарына барады
Астанадан 77 спортшы Қазақстан ұлттық құрамасы атынан 2026 жылдың 19 қыркүйегі мен 4 қазаны аралығында Жапонияда өтетін Aichi‑Nagoya ХХ жазғы Азия ойындарына қатысады. Жарыстың бағдарламасына 43 спорт түрі кіріп, 460 медаль жинағы сарапқа салынады.
Астанадан 77 спортшы: қатысатын спорт түрлері
Астаналық спортшылар Азия ойындарында 30 спорт түрінде өнер көрсетеді. Бұл туралы қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ағзамов хабарлады.
- баскетбол
- 3×3 баскетбол
- гандбол
- бокс
- күрес
- таеквондо
- джиу-джитсу
- көркем және спорттық гимнастика
- су спорттары
- академиялық есу
- байдарка мен каноэде есу
- триатлон
- теннис
- үстел теннисі
- ат спорты
- семсерлесу
- ату
- жеңіл атлетика
- велоспорт
- скейтбординг
- спорттық құзға өрмелеу
- брейкинг
- киберспорт
- падель
Астана — 2023 пен 2026: спортшылар санының өсімі
2023 жылы Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен жазғы Азия ойындарына Астанадан 18 спорт түрінен 46 спортшы қатысқан болатын. Биыл олардың саны 77-ге жетіп, қатысушылар 31 спортшыға немесе 67 пайыздан астамға артты, ал қатысатын спорт түрлері 18-ден 30-ға ұлғайды.
Азамат Ағзамовтың айтуынша, елордалық спортшылардың халықаралық жарыстарға қатысуының кеңеюі — спорттың әртүрлі бағыттарының дамып келе жатқанын және жоғары нәтижеге бағытталған резервті жүйелі даярлау жұмыстарының жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
Астаналық спортшылар және халықаралық жарыстар
Қыркүйек айында Қырғыз Республикасында VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аяқталды. Жарысқа 113 елден шамамен 3 мың спортшы қатысты, ал Қазақстан құрамасы 152 спортшыдан құралған құрамымен жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды.
Астананың атынан сол додаға спорттың жеті түрінен 13 спортшы қатысты: дәстүрлі садақ ату, мангала, мас‑рестлинг, жілік сындыру, гореш, жорго салыш және тайгандар жарысы. Елордалық спортшылар жекелей және командалық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып, Қазақстан құрамасының жеңісіне үлес қосты.
Азиададан кейін халықаралық спорт күнтізбесі Паразиада ойындарымен жалғасады. Сонымен қатар IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасы 31 қазан — 14 қараша аралығында Сенегалдың Дакар қаласында өтеді; оған 14–17 жас аралығындағы шамамен 2 700 спортшы қатысуы жоспарланған, спортшылар 25 спорт түрінен бақ сынайды. Қазіргі таңда іріктеу жалғасып жатыр, ал астаналық триатлоншы Рамазан Айнегов жасөспірімдер Олимпиадасына қатысу лицензиясын жеңіп алды (жекелей спринт).
Дереккөз: gov.kz



