Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті қарсаңында «Түркі әлемі диалогтары» атты панельдік жиын өтті
2026 жылдың 29–30 қазанында Анкара қаласында өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) 13-ші ресми саммиті қарсаңында Астанадағы «Rixos Astana» қонақүйінде «Түркі әлемі диалогтары: ортақ болашақ, ортақ көзқарас» тақырыбында панельдік жиын ұйымдастырылды. Басқосуды Түркия Президенті Әкімшілігінің Коммуникациялар басқармасы ТМҰ-ға мүше елдерде өткізіліп жатқан шаралар легі аясында қолға алды.
Жиынға Қазақстандағы дипломатиялық миссия өкілдері, мемлекеттік органдар мен сараптамалық институттардың басшылары, түрколог ғалымдар, жетекші медиа өкілдері мен іскерлік орта қатысты. Іс-шара Исмаил Гаспыралының «Тілде, пікірде, істе бірлік» ұранын арқау етіп, түркі әлемінде бірыңғай әліпбиге көшу, ортақ тарих пен тілдің маңызын, экономикалық және стратегиялық ынтымақтастықты, сондай-ақ академиялық және кәсіби байланыстарды кеңейту мәселелерін қамтыды.

Шараның ашылу рәсімінде Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі Мұстафа Капуджу мен Түркия Президенті Әкімшілігі жанындағы Коммуникациялар басқармасының басшысы профессор Бурханеттин Дуранның видеоүндеуі тыңдалды. Одан кейін Халықаралық Түркі академиясының вице-президенті, профессор Бюлент Байрамның модераторлығымен өткен панельдік отырыста Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы Талғат Молдабаев, ЕҰУ оқытушысы Жанат Момынқұлов, Қожа-Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры Суат Бейлур және Каппадокия университетінің ректоры Хасан Али Карасар баяндама жасады.
Жиын соңында сарапшылардың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтіп, Түркі әлемінің жаһандық өзгерістер жағдайындағы ортақ келешегі мен стратегиялық әлеуетін арттыру жолдары талқыланды.



