ӘлемМәдениетТуризм
Trending

Ыстанбұл мен Түркияның сүйкімді символы — мысықтар

Ыстанбұл десе көз алдымызға еңселі Аясофия, күн сәулесімен құбылатын Босфор бұғазы немесе толқын ортасындағы ғажайып Қыз мұнарасы келеді. Саяхатшылар Истиклал көшесіндегі ретро трамвайды, Галата мұнарасын немесе паромда симитпен шағалаларды тамақтандырған сәттерін сағынышпен еске алады. Дегенмен шаһардың қайталанбас келбетін айшықтайтын тағы бір маңызды бөлшек бар. Ол — Ыстанбұлдың сүйкімді мысықтары.

Ғасырлар бойы мысықтар бұл мегаполис өмірінің ажырамас бөлігіне айналған. Бүгінде төрт аяқты тұрғындар әлемге танымал тарихи нысандар сияқты қаланың меншікті брендіне айналды. Соңғы жылдары олар әлеуметтік желілерде миллиондаған адамның жүрегін жаулап, Түркия туризмінің ең ерекше, бейресми елшілері ретінде танылып келеді.

Әлем неліктен Ыстанбұл мысықтарына ғашық?

Әлеуметтік желідегі #CatsOfIstanbul және #İstanbulCats хэштегтері арқылы қала мысықтары түскен қызықты сәттерді жиі көрсеңіз таңғалмаңыз. Жұртты сүйсіндірген оқиғалар аз емес. Мысалы, Түркиядағы шоу кезінде Formula 1® болидінің алдынан асықпай өтіп, жарысқа «старт берген» мысық немесе УЕФА финалы алдында стадионның нағыз иесіндей алаңда еркін жүрген пысық тарғыл мысық желіде трендке айналды.

Кейбір мысықтар симфониялық оркестрдің, балет пен театр қойылымдарының «тұрақты мейманы» болса, енді біреулері метро мен паром бекеттеріндегі турникетке жайғасып, жолаушылардың билетін тексеретін бақылаушыдай отырады. Ыстанбұлықтар үшін бұл таңсық жайт емес, бұл — күнделікті өмірдің ажырамас көрінісі.

УЕФА финалы
Formula 1® болидінің алды

8 тамызда атап өтілген Халықаралық мысықтар күні аясында адам мен жануар арасындағы мұндай бауырмалдықты Ыстанбұлдай дәріптеген мекен кемде-кем болды. Бүгінде саяхат орнын таңдауда әлеуметтік желілер басты рөл атқарады. Статистикаға сүйенсек, Z ұрпағының 59 пайызы саяхат идеясын Instagram-нан, 54 пайызы YouTube-тан, ал 47 пайызы TikTok-тан алады. Осы орайда Ыстанбұл көшелеріндегі мысықтардың фотосы мен видеосы жаһандық саяхатшылардың назарын аударып келеді.

Түркияда мысықтар жай ғана үй жануары емес, олар — көрші, қала тұрғыны және шаһардың басты ерекшелігі. Осы бірегей қарым-қатынастың арқасында Ыстанбұл «мысықтар билеген қала» деген беделді мәртебеге ие болды.

Ыстанбұл көшелеріндегі мысықтардың ізімен

Ыстанбұлдың аңызға айналған төрт аяқты тұрғындарымен кездесу үшін қайда бару керек? Жауабы қарапайым: қаланың кез келген бұрышына. Султанахмет алаңынан бастап, Топкапы сарайының бақшасы мен Ыстанбұл археологиялық музейіне дейін мысықтарды барлық жерден жолықтыруға болады. Түркиядағы жануарларға деген сүйіспеншілік мен мейірімділік дәстүрінің тереңдігі сонша, Аясофия немесе Сұлтанахмет мешіттерінде еркін жүрген немесе мамырлап демалып жатқан мысықтарды көрсеңіз таңғалмаңыз.

Ежелгі Дәмдеуіштер базары (Мүсір чаршысы) мен Еминеню алаңында мысықтар кептерлермен қатар жүрсе, Фенер мен Балаттың түрлі-түсті орамдары, Бейоглу, Галата, Джихангир көшелері, Бешикташ пен Кадыкөй базарлары, Ортакөй жағалауы, Мода ауданы мен Кузгунджук орамдары бұл жануарлардың сүйікті мекеніне айналған.

Ыстанбұлдың мысықтарға деген сүйіспеншілігі тіпті музей ісінен де көрініс табады. Галатада орналасқан Ыстанбұл мысықтар музейі қала мен оның төрт аяқты тұрғындары арасындағы ғасырлар бойғы байланысты өнер туындылары арқылы паш етіп, түскен қаражатпен көше жануарларына қолдау білдіреді.

Ыстанбұдан тысқары: Бүкіл Түркияға тән мысықтар мәдениеті

Дүкен сөресінен сізге қызыға қарайтын немесе кофеханада тамақтанып отырғанда аяғыңызға ақырын тиіп, дәм ауыз тиюді өтінетін сүйкімді мысықтарды кездестіру — Түркияға саяхаттың ажырамас бөлігі. Бұл кездейсоқ сәттер көбіне саяхатшылардың ең ыстық естелігіне айналады. Бұл Түркияда жануарларды жай ғана қамқорлыққа алып қоймай, қоғамның толыққанды мүшесі ретінде қабылдайтын ғасырлар бойы қалыптасқан бейбіт қатар өмір сүру мәдениетін көрсетеді.

Ыстанбұл көше мысықтарымен әлемге танымал болғанымен, бұл көріністі Түркияның кез келген бұрышынан жолықтыруға болады. Эфес көне қаласының қирандыларынан бастап Аспендос көне театрына дейін, курорттық қалашықтар мен мегаполистердің қарбалас көшелеріне дейін мысықтар саяхатшылардың сенімді серігіне айналған.

Түркияның бұл ерекше қырын ашыңыз, себебі ең ұмытылмас саяхат сәттері кейде жолбасшы кітапшалардан емес, сүйкімді мысықтың жаныңызда мейірлене отыруынан басталады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button