Астана полициясы 40-тан астам тіркелмеген мопед пен электровелосипед тапты

Астана қалалық Полиция департаменті «Заң мен тәртіп» қағидаты шеңберінде жүргізіліп жатқан «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысын жариялады. Рейдтер барысында тіркелмеген 40-қа жуық көлік құралы — мопед пен электрлі велосипед — анықталып, олардың иелері қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды.
Полиция қызметкерлері күнделікті рейдтік іс-шаралар өткізіп, жол қозғалысына қатысушыларға заң талаптарын және оларды бұзғаны үшін көзделген жазаны түсіндіруде. Жиі тіркелетін бұзушылықтар қатарына тіркеусіз көлік пайдалану, жүргізуші куәлігінсіз жүру, мемлекеттік тіркеу нөмірінің болмауы, сондай-ақ жол белгілері мен бағдаршам сигналдарын елемеу жатады.
Полиция департаменті көлік құралын міндетті тіркеуден өткізу, жол ережелерін қатаң сақтау және жолда жауапты мінез-құлық танытудың қауіпсіздіктің басты шарттары екенін атап өтті. Ережені бұзу тек жүргізушінің өзіне ғана емес, жол қозғалысының барлық қатысушыларына да қауіп туғызады. Профилактикалық жұмыстар жалғасып, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және қауіпсіз жүріс-тұрыс мәдениетін орнықтыруға бағытталған іс-шаралар өткізіле береді.



