Қоғам

Астанада 102 әскери міндетті он күндік жаттығу сборына тартылды

Астана әкімдігінің ресми сайты хабарлағандай, қалада аумақтық қорғаныс бригадасының тізімдік құрамындағы әскери міндеттілермен жоспарлы оқу жиындары ұйымдастырылды. Жиындар 7 шілдеден 16 шілдеге дейін он күн бойы жалғасты, оған барлығы 102 әскери міндетті қатысты.

Бағдарламаға сапты, тактикалық, атыс және арнайы дайындық, сондай-ақ аумақтық қорғанысты ұйымдастыру мен мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл мәселелері енгізілді. 15 шілдеде тактикалық эпизодтардың бірі — ротаның астананың аса маңызды объектілерін күзету және қорғау бойынша іс-қимылдары — жүзеге асырылды. Жаттығуларға қала бойынша іс жүзінде барлық күш құрылымдары: Полиция департаменті, Төтенше жағдайлар департаменті, Ұлттық гвардия, Ішкі саясат басқармасы, Мәдениет басқармасы және басқа да мемлекеттік органдар тартылды.

99255 әскери бөлімі — Астана қаласы аумақтық қорғаныс бригадасының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі командир орынбасары, подполковник Еркебұлан Әбіжов атап өткендей, жиындар Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 2026 оқу жылына арналған негізгі іс-шаралар жоспары мен Астана қаласы әкімінің қаулысы негізінде ұйымдастырылды. Оқу жиындарының қорытындысы бойынша бұрын мерзімді әскери қызметті өткерген әскери міндеттілер стратегиялық маңызды объектілер мен қала тіршілігін қамтамасыз ету нысандарын күзету, қорғау дағдыларын бекітіп, жетілдіруі тиіс. Аталған жиындар елдің жұмылдыру резервін дайындау жүйесінің маңызды буыны болып табылады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button