Астанада Есіл жағалауында судағы қауіпсіздік рейді өтті

Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті Есіл өзенінің жағалауында профилактикалық рейд ұйымдастырды. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады. Іс-шараға қала әкімдігі мен алты аудан әкімдіктерінің өкілдері, полиция қызметкерлері, төтенше жағдайлар қызметінің мамандары және еріктілер қатысты.
Рейд кезінде демалушыларға судағы қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, ақпараттық жадынамалар таратылды. Департамент бастығының орынбасары, полковник Әрлен Бүркітбайдың мәлімдеуінше, ауа райының жылынуына байланысты жағалаудағы демалушылар саны соңғы күндері айтарлықтай өсті. Ол рейдтің айыппұл салу емес, адам өмірін қорғау мақсатын көздейтінін атап өтті.
Төтенше жағдайларды жою басқармасының инженері Ғазиз Ерболдың айтуынша, тыйым салынған жерлерде шомылу, құтқару кеудешесінсіз жүзу құралдарын пайдалану, мас күйінде суға түсу, қараңғыда суға шығу және балаларды қараусыз қалдыру Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 412-бабы бойынша 7 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұлмен жазаланады. Департамент тұрғындарды тек арнайы рұқсат етілген жағажайларда шомылуға және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.



