Қоғам

Астанада «Жасыл ел» жастарына құқықтық және экологиялық сауат берілді

Астана қаласы прокуратурасының бастамасымен және Жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен «Жасыл ел» еңбек жасағының қатысушылары үшін арнайы кездесу өтті. «Заң мен тәртіп – жауапты азаматтың өмір салты» деген тақырыппен өткен іс-шара «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» қағидаттарын жастар арасында насихаттауға бағытталды. Бағдарлама «Таза қала – жасыл болашақ» экологиялық акциясы шеңберінде ағаштарға су құюдан басталып, қалдықтарды сұрыптауға арналған көрмемен жалғасты.

Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының өкілі Ерлан Айдаров биылғы жылы «Жасыл ел» жобасы аясында елордада 200 жастың жұмыспен қамтылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, жастар төрт жазғы маусым бойы еңбек етіп, ең төменгі жалақы мөлшерімен теңестірілген 85 мың теңге алады және арнайы жұмыс киімімен қамтамасыз етілген. Жастарды жұмыспен қамту көрсеткіші бойынша Астана қазіргі уақытта республика ішінде бірінші орында тұр.

Астана қаласының экоамбассадоры Мариям Ималиденқызы тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеудің маңыздылығына назар аударды. Ол Астанада пластик, шыны, қағаз, электронды қалдықтар, автодөңгелек пен тоқыма бұйымдарын қайта өңдеуге мүмкіндік бар екенін атап өтті. «Алматы» ауданы прокурорының міндетін атқарушы Жолдас Асқаров жобаға қатысушы жастардың еңбегі ұрпаққа өнеге болатынын айта келіп, еңбекқорлық пен жауапкершілікті жоғары бағалады. Кездесу соңында жастар прокуратура өкілдерімен ашық сұхбат жүргізіп, өзекті сұрақтарына жауап алды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button