Қоғам

Астана саябағында Trend Up Fest: музыка, киберспорт және шығармашылық

«Жетісу» саябағында өткен Trend Up Fest фестивалі музыка, шығармашылық және цифрлық трендтерді ұштастырған ірі мәдени іс-шараға айналды. Қалалық «Отбасы Time» фестивалінің бір бөлігі ретінде ұйымдастырылған бұл жазғы мереке елордалықтарды бір кеңістікке жинады. Аталған мәліметті елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Іс-шара барысында бірнеше тақырыптық аймақ жұмыс істеді. Cyber Zone алаңында Counter-Strike 2 турнирі және киберспорттық жарыстар өтсе, Chill Zone демалуға ыңғайлы орта ұсынды. Craft Games Zone шығармашылық пен үстел ойындарын қамтыды, Photo Zone естелік суретке түсуге мүмкіндік берді, ал Eco Zone экологиялық мәдениетті насихаттайтын интерактивті бағдарламалардан тұрды. Prize Counter аймағында белсенді қатысушылар сыйлықтар ұтысына қатыса алды. Концерттік бағдарламалар мен байқаулар да фестивальдің ажырамас бөлігіне айналды.

Қала тұрғыны Ақерке Қанатованың айтуынша, балалар түрлі ойындарға қатысып, шығармашылық аймақтар мен интерактивті бағдарламалардан ерекше әсер алды, сондай-ақ ол осындай отбасылық іс-шаралардың жиірек өткізілуін тілек етті. Ұйымдастырушылар Trend Up Fest-тің мақсаты — тұрғындардың бос уақытын мазмұнды өткізуіне жағдай жасау және отбасылық демалыс мәдениетін нығайту екенін атап өтті. «Отбасы Time» жобасы отбасылық құндылықтарды дәріптеп, шығармашылықты, музыканы, спорт пен цифрлық трендтерді бір алаңда тоғыстыруға бағытталған қалалық фестиваль болып табылады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button