Қоғам

Астанада 2035 жылға дейін 140 жаңа мектеп тұрғызылады

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің Instagram парақшасында елорданың білім беру инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жоспарлармен бөлісті. Бас жоспарға сәйкес, 2035 жылға дейін астанада 140-қа жуық жаңа мектеп салынады. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Мектеп құрылысымен қатар педагог кадрларын даярлауға да айрықша назар аударылып отыр. Соңғы жылдары педагогикалық мамандықтар бойынша шамамен 1,5 мың мемлекеттік грант бөлінді. Қазіргі уақытта қала әкімдігінің гранты бойынша аталған саладан 2 мың студент оқып жатыр, ал соңғы үш жылда 1 314 түлек дипломын алды. 2026–2030 оқу жылдарына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде 303 грант қарастырылған, оның 188-і педагогикалық мамандықтарға тиесілі.

Педагог мамандарын даярлау жүйесін нығайту мақсатында Гуманитарлық колледж базасында Педагогикалық институт ашылды. Онда қазіргі таңда 4 611 студент 36 білім беру бағдарламасы бойынша тәлім алуда. Жаңа оқу жылында тағы 12 білім беру ұйымы іске қосылмақ. Соңғы жылдары салынған 44 мектептің арқасында қолданыстағы мектептердегі оқушылар саны бойынша жүктеме айтарлықтай төмендеп, ондаған мың жаңа орын ашылды. 2027 жылға арналған жобалау және қала құрылысы құжаттамаларын әзірлеу жұмыстары да қазірдің өзінде басталғанын әкім атап өтті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button