BaiQymyz-2026: Астанада өтетін фестивальде 56 тонна қымыз ұсынылады

Астанадағы «Қазанат» ипподромында 11-12 шілде күндері ұлттық мәдениет пен қазақтың дәстүрлі тағамдарын насихаттауға арналған BaiQymyz-2026 гастрономиялық фестивалі өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Екі күнге жоспарланған ауқымды іс-шарада келушілер ұлттық тағамдардан дәм татып, қазақтың салт-дәстүрімен, қолөнерімен және өнерімен жақынырақ таныса алады. Фестивальдің басты ерекшелігі – қонақтарға 56 тонна қымыз ұсынылады.
Бағдарлама аясында суретшілер мен қолөнершілердің көрмелері ұйымдастырылып, ұлттық ат спорты ойындары көрсетіледі. Сондай-ақ балалар мен ересектерге арналған түрлі танымдық және ойын-сауық шаралары өткізіледі.
Фестивальдің әр күні еліміздің танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен өтетін гала-концертпен қорытындыланады.
BaiQymyz-2026 – еліміздегі оқиғалық туризмнің маңызды жобаларының бірі.
Іс-шара ұлттық мәдени мұраны сақтауға және кеңінен насихаттауға, гастрономиялық туризмді дамытуға, сондай-ақ Астана мен жалпы Қазақстанның туристік тартымдылығын арттыратын жаңа туристік оқиғаларды қалыптастыруға бағытталған.



