Қазақстан құрамасы көкпардан әлем чемпионы атанды

Түркістан қаласында өткен көкпардан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы алтын медаль жеңіп алды.
Финалдық кездесуде ұлттық құрама Өзбекстан командасын 9:2 есебімен сенімді түрде жеңіп, турнирдің бас жүлдесін иеленді. Шешуші ойында қазақстандық көкпаршылар жоғары деңгейдегі шеберлік танытып, ойын тізгінін толық өз қолында ұстады.
Осылайша, Қазақстан құрамасы тоғыз жылдық үзілістен кейін қайта ұйымдастырылған әлем чемпионатында топ жарып, әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Күміс жүлде Өзбекстан құрамасына бұйырса, қола медальді Ауғанстан құрамасы еншіледі.
Әлем чемпионатына Қазақстан, Өзбекстан, Ауғанстан, Қытай, Мажарстан, Моңғолия, Ресей, Тәжікстан және Түркия құрамалары қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Айта кетейік, әлем чемпионатының бас демеушісі – «Самұрық-Қазына» АҚ, ал бас серіктесі – Спортты қолдау қоры.



