Астанада таеквондодан әлемдік деңгейдегі екі жарыс өтеді

Астанада бір апта ішінде Дүниежүзілік таеквондо федерациясының (World Taekwondo) күнтізбесіне енген екі халықаралық жарыс өтеді. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты Қазақстан таеквондо (WT) федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
22-23 маусым күндері Алтай таеквондо одағының тұңғыш чемпионаты – Altaic Taekwondo Championships өтсе, 25-27 маусым аралығында дәстүрлі Kazakhstan Open халықаралық рейтингтік турнирі өтеді.
Қос дода Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді.
Алтай таеквондо одағының алғашқы чемпионаты ересектер мен жасөспірімдер арасында өтеді. Жарыс G-1 санатына енгізілгендіктен, спортшылар әлемдік рейтингке қажетті ұпайларды сарапқа салады.
Алтай таеквондо одағы 2025 жылы Қытайдың Уси қаласында өткен әлем чемпионаты барысында құрылған болатын. Алтай өңіріне кіретін он елдің ұлттық федерацияларының басшылары ынтымақтастықты дамыту, тәжірибе алмасу және бірлескен жарыстар өткізу мақсатында жаңа халықаралық ұйым құру туралы шешім қабылдады.
Қатысушылардың бірауыздан қабылдаған шешімімен ұйымның алғашқы басшысы болып Қазақстан таеквондо федерациясының (WT) президенті Кудрат Шамиев сайланды.
25-27 маусым аралығында өтетін Kazakhstan Open турнирі кадеттер, жасөспірімдер және ересектер арасында ұйымдастырылады.
Биылғы жарысқа әлемнің 27 елінен 1106 спортшы қатысады деп күтілуде. Атап айтқанда, Армения, Аустралия, АҚШ, Әзербайжан, Бахрейн, Беларусь, Канада, Гонконг, Үндістан, Иран, Иордания, Қазақстан, Кувейт, Қырғызстан, Моңғолия, Оман, Палестина, Қытай, Польша, Катар, Оңтүстік Корея, Ресей Федерациясы, Сауд Арабиясы, Тунис, Түркия, БАӘ және Өзбекстан құрамаларының спортшылары бақ сынайды.
Kazakhstan Open – World Taekwondo ұйымының ресми жарыстар тізіміне енген беделді турнирлердің бірі. Турнир жеңімпаздарына әлемдік рейтингтің 10 ұпайы беріледі. Күміс жүлдегерлер 6 ұпайға, ал қола жүлдегерлер 3,6 ұпайға ие болады.
Астанаға Дүниежүзілік таеквондо федерациясының президенті доктор Чунгвон Чо, Азия таеквондо одағының жетекшілері мен халықаралық ұйым өкілдерінің келуі жоспарланған.
Астанада қатарынан екі ірі халықаралық турнирдің өтуі отандық спорт үшін маңызды оқиға болмақ. Бұл қазақстандық спортшыларға өз жанкүйерлерінің алдында өнер көрсетуге мүмкіндік беріп қана қоймай, еліміздің әлемдік таеквондодағы беделін одан әрі арттыруға ықпал етеді.



