Қазақстан Регби-7 әйелдер құрамасы Испаниядағы халықаралық турнирде қола жүлде жеңіп алды

Регби-7-ден Қазақстан әйелдер құрамасы Испанияның Вильяхойоса қаласында өткен «Benidorm Sevens» халықаралық турнирінде үздік үштіктен көрінді.
Қазақстандық спортшылар жарыс барысында сенімді ойын көрсетіп, қарсыластарын ірі есеппен жеңді. Топтық кезеңде ұлттық құрама Венгрияны 45:0, Норвегияны 48:0 есебімен ұтты. Ал ширек финалда Австрия құрамасын 46:0 есебімен жеңді.
Жартылай финалда қазақстандық регбишілер Польшаға 14:29 есебімен жол берді. Үшінші орын үшін өткен кездесуде Қазақстан құрамасы Венгрияны тағы да ірі есеппен жеңіп, қола медаль иеленді — 40:0.
Ерлер құрамасы да турнирді сәтті өткізді. Қазақстандықтар топтық кезеңде «Юскарианс» командасын 24:7, Португалия құрамасын 21:19 есебімен жеңді.
Плей-офф кезеңінде отандастарымыз Францияның «Пиреней» командасы мен Марокко құрамасына қарсы ойында жеңіліп қалды. Нәтижесінде Қазақстан ерлер құрамасы турнирді үздік сегіздік қатарында аяқтады.



