Биыл дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу кезінде 50 млрд теңге үнемделді

Жоспарлау мен сатып алу тәсілдерін қайта қарау Қазақстан халқын дәрілік заттар және медициналық бұйымдармен қамту көрсеткіштерін айтарлықтай жақсартты. 2024-2025 жылдардың бірінші тоқсандарында сатып алу көлемі 86%-дан аспаса, 2026 жылдың бірінші тоқсанында жылдық қажеттіліктің 88% деңгейіне қол жеткізілді. Процедуралардың ашықтығы және негізсіз делдалдық буындарды алып тастау бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік берді. Егер 2023 жылы үнемдеу 21,5 млрд теңгені құраса, 2025 жылы жиынтық үнемдеу 85,5 млрд теңгеге тең болды. Бұл жайында ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында айтты.
Оның мәлімдеуінше, 2026 жылдың бірінші тоқсанында 50 млрд теңге үнемделді.
«Сатып алу кезінде логистикалық-функционалдық бақылаудың 40 параметрі енгізілді, оның 15-і 2024-2026 жылдар аралығында енгізіліп, процестердің ашықтығын арттыруға ықпал етті. Артық шығындар қоймаларды жалдаудан туындайды. Осыған байланысты Ақтөбе, Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау және Семей қалаларында меншікті қоймалар салынады. Халықты қамтамасыз етудің үздіксіздігі мақсатында Бірыңғай дистрибьютор төмендетілмейтін қор қалыптастырды. 2025 жылы төмендетілмейтін қор сомасы 21 млрд теңгені құрады және ол 655 атауды қамтыды», – деді спикер.
Былтыр тамыз және қараша айларында онкология, қант диабеті, онкогематология, ағзаларды трансплантациялаудан кейінгі жағдайлар және т.б. нозологияларды емдеу үшін тиісінше 8,5 млрд және 4,4 млрд теңге сомасына препараттар қосымша сатып алынды.
Бұл ретте жаңадан анықталған пациенттерді қамтамасыз ету мақсатында төмендетілмейтін қор көлемі екі рет пайдаланылып, қалпына келтірілді, ал осы мақсаттарға жұмсалған жалпы шығындар 39,7 млрд теңгені құрады.
«Біздің мақсатымыз – ҚР нарығындағы қазақстандық препараттардың үлесін құндық мәнде 50%-ға дейін жеткізуге қомақты үлес қосу. Қазіргі уақытта 31 отандық өндірушімен 83 ұзақ мерзімді шарт қолданыста. Үш жыл ішінде сатып алу көлемі 38%-ға өсті: 2024 жылғы 703 атаудан 2026 жылы 971 атауға дейін жетті», – деді Т.Мұратов.
Бұл ретте, егер 2025 жылға отандық Бірыңғай дистрибьютор арқылы сатып алудың жалпы сатып алу көлеміндегі ақшалай үлесі 32%-ды құраса, 2027 жылға қарай бұл көрсеткішті 34%-ға дейін арттыру көзделуде. Сондай-ақ қазақстандық компаниялардың өнімдерін оқшаулау (локализациялау) үшін сомасы шамамен 360 млрд теңгеге 7 инвестициялық келісім жасалды.



