
Астанада 21 жасқа дейінгі жастар арасында сурдо футзалдан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтіп жатыр. Ерекше қажеттіліктері бар спортшылар арасындағы бұл дода еліміздегі инклюзивті спорттың дамуына серпін бермек, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Дүбірлі додаға еліміздің түкпір-түкпірінен ең үздік командалар жиналды. Олар:
Мегаполистер: Астана, Шымкент, Алматы қалалары;
Облыстар: Жамбыл, Қостанай, Абай, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстары.
Бұл турнир 21 жасқа дейінгі жастар үшін үлкен спортқа жолдама алып қана қоймай, ұлттық құрама сапына іріктелуге де мүмкіндік береді.
Чемпионаттың ашылу салтанаты 19 сәуір күні сағат 12:00-де «Аспан» спорт кешенінде (Е-697 көшесі, 5-ғимарат) өтті.
«Мұндай жарыстардың мақсаты – ерекше жастардың спортқа деген құштарлығын арттыру және олардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасау. Әрбір матч – үлкен еңбек пен төзімнің нәтижесі», – дейді ұйымдастырушылар.
Осы бәсеке арқылы есту қабілеті зақымданған спортшылар арасында 21 жасқа дейінгі жастар арасында футзалдан Қазақстан командасының қатарына іріктеледі.



