Басты жаңалықтарТуризм

Қара теңіз: қысқы ертегі мен айрықша меймандостық мекені

Түркия – бір күннің ішінде төрт мезгілді қатар сезінуге болатын санаулы елдердің бірі. Солтүстік жиекті бойлай созылған Қара теңіз өңірі өзінің ну ормандарымен және шипалы таза ауасымен әйгілі. Қыс түскенде бұл аймақ мүлде бөлек, сиқырлы кейіпке енеді. Қар жамылған асқар таулар, тұман басқан жағалаулар, көне жәдігерлер мен ыстық бұлақтар – мұның бәрі бірігіп, қысқы демалыстың қайталанбас бейнесін қалыптастырады. National Geographic басылымының «Best of the World 2026» тізіміне енген бұл өңір саяхатшыларды ең көркем маршруттармен қарсы алуға дайын.

Шығыс Қара теңіз: қарлы жайлаулар мен көне мұра

Қыс мезгілінде Шығыс Қара теңіз аймағы өзінің асқақ мінезімен дараланады. Орду мен Гиресун – алғашқы қар түсісімен-ақ ақ көрпеге оранатын өлкелер. Ордудағы Бозтепе шыңына аспалы жолмен (канатты жол) көтеріліп, қаланы биіктен тамашалау немесе Улугөл маңындағы жайлы бунгало үйлерде тынығу – нағыз романтикалық сәттер. Персембе ауданындағы Ясон мүйісінде орналасқан көне шіркеу қар астында тіпті асқақ көрінеді. Ал Чамбашы жайлауы мен заманауи шаңғы орталығы белсенді демалыс іздегендер үшін таптырмас мекен.

Ясон кейп, Орду қаласы

Гиресундағы Күмбет жайлауы, Гөксу травертиндері мен Кузалан сарқырамасы қысқы фотосессия әуесқойларының сүйікті орнына айналған. Ал Кушкөй ауылында сақталған, ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген «құс тілі» (ысқырық арқылы сөйлесу) – өңірдің бірегей ерекшелігі.

Мави көл, Гиресун қаласы

Трабзон – Қара теңіздің інжу-маржаны. ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміндегі Сүмела монастыры қарлы жартастардың арасында ертегілердегідей әсер қалдырады. Узунгөл, Мачка және Эрикбели жайлауларының қысқы келбеті адам баласын бейжай қалдырмайды. Хамсикөй ауылындағы жайлы қонақ үйлер мен Зигана шаңғы базасы демалысыңызды мазмұнды ете түседі.

Ауыл көрінісі, Трабзон қаласы
Сүмела монастыры, Трабзон қаласы

Ризедегі Зил қамалы мен Шенюва көпірі қар құрсауындағы таулар аясында ерекше айбынды көрінеді. Айдер жайлауы өзінің термалды суларымен танымал болса, Овит тауы шаңғы мен сноуборд десе ішкен асын жерге қоятын жандарды шақырады. Сонымен Качкар мен Кафкасөр жайлаулары, Шавшат қалашығы және Камили биосфералық резерваты – тыныштық пен табиғатпен үндестікті қалайтындар үшін ең қолайлы бағыттар.

Қачқар жаулауы, Ризе қаласы

Батыс Қара теңіз: ну ормандар мен көне қалалар

Стамбұлдан небәрі үш сағаттық жерде орналасқан Болу – қысқы демалыстың орталығы. Абант көлі мен «Едігөллер» (Жеті көл) ұлттық паркіндегі серуендер, қарлы ормандағы ағаш үйлер – мұның бәрі қысқы демалысқа ерекше сән береді. Ал Гөйнүк пен Мудурнудағы минералды бұлақтар демалысты денсаулыққа пайдалы ете түспек.

Жеті көлдер, Болу қаласы

Карабүктегі Сафранболу қалашығы – әрі ЮНЕСКО мұрасы, әрі «Cittaslow» (байыпты қала) мәртебесіне ие. Қар басқан осман дәуіріндегі тарихи үйлер мен тас төселген көшелер сізді уақыт көшімен артқа, өткен ғасырларға жетелегендей болады. Бұдан бөлек, Бартындағы Амасра, Синоптағы Инжебурун мүйісі мен Герзе қалашығы, Самсундағы тарихи «Бандырыма» кемесінің көшірмесі – аймақтың қысқы келбетін аша түсетін маңызды аялдамалар.

Сафранболу қалашығы, Қарабүк қаласы

Қара теңіз асханасы

Қыста Қара теңіз асханасы саяхаттың ең дәмді бөлігіне айналады. Табиғи сары май, жүгері ұны мен жергілікті ірімшіктен дайындалатын ыстық куымак, қара кәді (кале) сорпасы, күзде дайындалған тұздалған көкөністер және суық түскенде дәмі кіретін хамси балығы – дастарханның сәні.

Трабзонның Акчаабат котлеті, Хамсикөй сүтлашы (күріш қосылған тәтті десерт), Самсун пидесі және Сафранболу локумы гастрономиялық сапарыңызды толықтыра түседі. Ал Ризенің жап-жасыл алқаптарынан жиналған хош иісті ыстық шайдың бір кесесі қысқы суықта жаныңызды жадырататыны анық.

Күрш пен хамси балығы
Түрік шайф мен ыстық куымак,
Шай алқаптары, Ризе өңірі

Басқа жаңалықтар

Back to top button