ДенсаулықҚоғам

Жасөспірімдердің девиантты мінез-құлқының қандай салдары болуы мүмкін?

Қазақстанда қолданыстағы заңнамаға сәйкес балаларды тәрбиелеу, оқыту және олардың мінез-құлқына қатысты негізгі жауапкершілік ата-аналар мен өзге де заңды өкілдерге жүктелген. Жасөспірімнің өмір салтына немқұрайлы қарау, бақылаудың әлсіреуі және ата-аналық міндеттердің тиісінше орындалмауы құқыққа қайшы әрекеттерге алып келуі мүмкін. Бұл туралы қалалық Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сарыарқа ауданы прокуратурасы бөлімінің бастығы Тархан Закарин мәлімдеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Спикердің айтуынша, балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау немесе тиісінше орындамау фактілері үшін ата-аналар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Мінез-құлықты жүйелі түрде бұзу, оқудан жалтару немесе қоғамға қарсы әрекеттер жасау деректері анықталған жағдайда, кәмелетке толмағандар мектепішілік есепке және ювеналдық полицияның аумақтық бөлімшелерінің есебіне қойылады.

Жасөспірімдермен және олардың заңды өкілдерімен жеке профилактикалық жұмыс жүргізіледі: жеке әңгімелесу, әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу, тұрмыс жағдайын және сабаққа қатысуын бақылау шаралары жүзеге асырылады. Мұндай шаралардың мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу және баланың әлеуметтік бейімделуін қалпына келтіру.

2025 жылдың 12 айында Астана қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты полиция органдарының кәмелетке толмағандарды арнайы білім беру ұйымдарына орналастыру туралы 11 азаматтық ісін қарады. Оның алтауы бойынша талап-арыз қанағаттандырылды.

Бұл саладағы мемлекеттік саясат, ең алдымен, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға және оларды әлеуметтік оңалтуға бағытталған.

Жасөспірімдердің девиантты мінез-құлқының алдын алу және оларды арнайы білім беру ұйымдарына жіберуге жол бермеу мәселесі прокуратура органдарының ерекше бақылауында.

«Прокуратура органдары ата-аналарды балалар тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуге, туындаған мәселелерге дер кезінде әрекет етуге және білім беру мекемелері мен құқық қорғау органдарымен кәмелетке толмағандардың мүддесі үшін тығыз байланыста жұмыс істеуге шақырады», – деді спикер.

Басқа жаңалықтар

Back to top button