
2026 жылғы қыс маусымында Түркияның шығысындағы Эрзурум қаласы тағы да халықаралық спорт назарында болмақ. Қаланың символына айналған Паландөкен шаңғы орталығы әлемнің үздік сноубордшыларын қабылдауға сақадай сай тұр.
Эрзурумның 2025 жылы Экономикалық ынтымақтастық ұйымы тарапынан Туризм астанасы атануы және ACES ұйымы оны Еуропаның алғашқы Қысқы спорт астанасы деп тануы – өңірдің беделін айқындаған маңызды қадамдар. Ұзын әрі техникалық күрделі трассалар, заманауи инфрақұрылым және маусым бойы сақталатын сапалы қар Паландөкенді халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізуге қолайлы орталыққа айналдырды.

Маусымның ең ірі оқиғасы – 6–8 наурыз күндері өтетін FIS Snowboard Cross World Cup кезеңі. Бұл – Паландөкенде екінші рет ұйымдастырылатын дүбірлі дода. Тік еңістер мен жылдам бұрылыстарға толы трассалар спортшылардан жоғары дайындық пен батылдықты талап етеді.
Үш күнге созылатын жарысқа 20 елден шамамен 300 спортшы қатысады деп жоспарлануда. Қар үстіндегі жоғары жылдамдық пен тартысты бәсеке Эрзурумды тағы да әлемдік қысқы спорт картасына шығарып, Паландөкенді адреналин іздеген жанкүйерлер үшін басты бағыттардың біріне айналдырады.
Паландөкен тек спорт алаңы ғана емес, қысқы мерекенің орталығы. 2020 жылдан бері тұрақты өткізіліп келе жатқан Frozen Festival 2026 жылы 12–15 ақпан аралығында жетінші рет ұйымдастырылады.
Фестиваль бағдарламасы: әлемдік диджейлердің қатысуымен жанды музыка, après-ski кештері, түнгі ойын-сауық, марапатты шаңғы және сноуборд жарыстары, йога сабақтары, мұз мүсіндерін жасау, түрлі шығармашылық шеберлік сабақтары. Қысқы спорт пен көңіл көтеруді үйлестіргісі келетіндер үшін бұл – таптырмас мүмкіндік.

Паландөкен – қысқы маусымның символы болғанымен, Эрзурум жыл бойы саяхатшыларды таңғалдыра алады. Табиғат пен тарихты қатар сезінгісі келетіндер үшін мына бағыттар ұсынылады:
– Түркиядағы ең керемет сарқырамалардың бірі – Тортум сарқырамасын көру;
Тортум сарқырамасы
– Нарман «ертегі мұржалары» деп аталатын ерекше жартас пішіндерін және Испирдің Жеті көлін тамашалау;

– Ұлы мешіт, Қос мұнаралы медресе, Якутие медресесі және Үш күмбез сынды тарихи ескерткіштерге бару;

– Азизие және Меджидие бастиондарынан қаланың панорамасын көру;

– Жергілікті дәмдерден ағаш отында шаншылып пісірілетін шағ кебабын және шәрбатқа малынған кадайыф долмасын татып көру.




