Білім

Қымбат Қараева, Arman-PV баспасы бас директорының орынбасары: «Оқулықты таңдау – ұлттың ертеңін таңдау»

Бүгінгі білім кеңістігінде ең жауапты шешімдердің бірі – оқулықты таңдау. Қандай кітаппен бала білім алады, қандай тілмен ойлайды, қандай құндылықты бойына сіңіреді – мұның бәрі мектептегі сол бір таңдаудан басталады. Сондықтан Arman-PV баспасының жұмысы бір ғана баспаның кәсіби міндеті емес, ұлттың интеллектуалдық болашағына тікелей қатысты іс. Бұл туралы бас директордың орынбасары Қымбат Қараева терең жауапкершілікпен айтады.

Қазір Arman-PV командасы 2026–2027 оқу жылына арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді әзірлеу үстінде. Дайын болған материалдар мемлекеттік сараптамадан өтуде. Барлық жұмыс мемлекеттік білім беру бағдарламасына сүйеніп жүргізіледі. Бағдарламада белгіленген талаптар, күтілетін құзыреттер, оқу нәтижелері оқулық мазмұнына жүйелі түрде енгізіледі. Баспада мазмұнның бірізділігіне, логикалық құрылымына, баланың қабылдау ерекшелігіне сай берілуіне ерекше көңіл бөлінеді. Оқулық сыныпта жұмыс істейтін нақты құрал ретінде қарастырылады. Баланың ойына салмақ салмайтын, керісінше ойлануға жетелейтін, түсінуге көмектесетін мазмұн қалыптастыру – басты мақсат.

Қазіргі уақытта 3–4 сыныптарға арналған «Қазақ тілі», «Қазақ тілі» (орыс тілінде оқытатын мектептер үшін), «Русский язык», «Литературное чтение», «Математика», «Познание мира», «Дүниетану» оқулықтары әзірленіп жатыр. Сонымен қатар 5–9 сыныптарға арналған «Жаһандық құзыреттер», «Глобальные компетенции», «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті», «Физика», «География», «Русский язык», «Русский язык и литература» оқулықтары дайындалуда. Өткен жылы осы кезеңде 2025–2026 оқу жылына арналған оқулықтармен жұмыс істелген болатын. Бүгінде сол кітаптармен еліміздің әр өңірінде мыңдаған бала білім алып отыр.

Қымбат Қараеваның айтуынша, оқулық — баланың дүниетанымын қалыптастыратын орта. «Бала оқулық арқылы ойлауды үйренеді, сұрақ қоюды үйренеді, жауап іздеуді үйренеді. Сондықтан мазмұнның сапасы, тілдің тазалығы, ойдың анықтығы біз үшін өте маңызды», – дейді ол.

Оқулықты таңдау мәселесі соңғы жылдары қоғам назарында. Қымбат Қараева бұл тақырыпқа ерекше жауапкершілікпен қарайды. Оның айтуынша, жүйе бойынша мұғалімдер оқулықты өздері таңдауы тиіс. Бұл – өте дұрыс қағида. Әр мұғалімнің өз тәжірибесі бар, әр сыныптың өз деңгейі бар, әр мектептің өз ерекшелігі бар. Алайда практикада кейде бір ауданның барлық мектебі, барлық мұғалімі бір ғана оқулықты таңдаған жағдайлар кездеседі. Мұғалімдердің саны көп, әдістемелік ұстанымы, жұмыс стилі әртүрлі екенін ескерсек, мұндай біркелкілік ойландырмай қоймайды. Бұл жерде мәселе белгілі бір оқулықты бағалау туралы емес. Мәселе – таңдаудың қалай қалыптасып жатқанында. Қымбат Қараеваның айтуынша, мұғалім өз кәсіби пайымына сүйеніп, саналы түрде шешім қабылдаған кезде ғана бұл үдеріс шынайы таңдау бола алады. Өйткені оқулықты таңдау – баланың қалай ойлайтынын, қалай қабылдайтынын, қалай үйренетінін анықтайтын маңызды шешім.

Баспадағы авторлардың басым бөлігі – мектепте жұмыс істейтін тәжірибелі ұстаздар. Олар күнделікті сыныпқа кіріп, баланың қалай қабылдайтынын, қай жерде қиналатынын, қай жерде қызығатынын көзбен көріп жүр. Сонымен қатар баспа тұрақты түрде семинарлар, әдістемелік кездесулер, онлайн және офлайн талқылаулар өткізеді, өңірлерге шығып, аудан, ауыл мектептерімен кездеседі. Оқулықтың қалай қолданылатыны, тапсырмалардың логикасы, материалды меңгеру жолдары мұғалімдермен бірге талқыланады.

Соңғы жылдары білім беру саласында цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектке қызығушылық артып келеді. Arman-PV бұл үрдісті назардан тыс қалдырмай отыр. Баспаның Ekitap.kz онлайн платформасында цифрлық оқулықтар орналастырылған. Сол платформаның ішінде ARMAN AI сұрақ-жауап алаңы жұмыс істейді, ол оқушыларға материалды меңгеру барысында көмек көрсетеді. Сонымен қатар визуалды контент дайындауда, құрылымдық шешімдерді жетілдіруде жасанды интеллект құралдары қолданылады. Биыл математика оқулығын әзірлеу кезінде де осы технология мүмкіндіктері пайдаланылған. Бұл – әлемдік білім беру тәжірибесінде кең таралып келе жатқан бағыт. Көптеген елдерде жасанды интеллект оқушының жеке оқу траекториясын қалыптастыруға, материалды терең түсінуге көмектеседі. Arman-PV да осы бағытты зерттеп, бейімдеп отыр.

Arman-PV қосымша әдебиеттер де әзірлейді, мектеп және қоғамдық кітапханаларға арналған жобаларды жүзеге асырады. Авторлармен жүйелі жұмыс жүргізіледі, жаңа есімдер іздестіріледі, жас авторларға қолдау көрсетіледі. Бұл – ұзақ мерзімді, терең жұмыс. Қымбат Қараева бұл бағытты рухани инвестиция деп қабылдайды. Оның айтуынша, жақсы автор уақытпен қалыптасады, тәжірибемен өседі, кәсіби ортада шыңдалады.

«Оқулық арқылы бір ұрпақтың ойлау кеңістігі қалыптасады. Бұл – ұлттың зияткерлік әлеуетіне тікелей әсер ететін сала. Сондықтан оқулыққа тек педагогикалық құрал ретінде емес, ұлттық құндылық ретінде қарау керек», – дейді Қымбат Қараева.

Басқа жаңалықтар

Back to top button