Қоғам

Сыр өңірі 100 пайыз орталықтандырылған ауыз сумен қамтылды

Өңірдегі барлық елді мекендер орталықтандырылған ауыз сумен толық қамтамасыз етілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңір басшысы Нұрлыбек Нәлібаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының елді мекендерді сапалы ауыз сумен толық қамту жөніндегі тапсырмасы толығымен орындалды. Тіпті Арал қаласынан 120 шақырым қашықтықта орналасқан ең шалғай Ақбасты ауылына да ауыз су жеткізілді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының 2023 жылы өңірге жасаған жұмыс сапары барысында Қызылорда қаласын ыстық сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы да кезең-кезеңімен іске асырылды. Осы мақсатта көпқабатты тұрғын үйлерге ыстық су қосу жобасына жалпы 26 млрд 200 млн теңге бөлініп, 423 тұрғын үйге арналған жобалар әзірленді. Жоба екі кезеңмен жүзеге асырылуда.

Бірінші кезеңде 2024 жылы Үкімет резервінен бөлінген 11 млрд теңге есебінен 186 көпқабатты тұрғын үй ыстық су жүйесіне қосылды. Екінші кезең аясында 15,2 млрд теңгеге 237 тұрғын үйді ыстық сумен қамту жұмыстары жүргізілуде.

Биыл Үкімет резервінен бөлінген 5 млрд теңгеге 61 көпқабатты тұрғын үйге ыстық су жеткізілді. Бұдан бөлек, арнаулы мемлекеттік қордан 10,2 млрд теңге бөлініп, қазіргі таңда қалған үйлерді ыстық су жүйесіне қосу жұмыстары жалғасып жатыр.

Сондай-ақ 2022–2024 жылдары «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 31 млрд 600 млн теңгеге 78 ауылдың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған 343 жоба жүзеге асырылды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button