Қоғам

Сыр өңірінде жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 95 пайызға жетті

2022–2025 жылдары өңірде 1 600 шақырым автомобиль жолы мен 30 көпір өткелін салу және күрделі жөндеуден өткізуге шамамен 150 млрд теңге қаржы бөлінді. Соның нәтижесінде биыл жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 95 пайызға жетті. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңір басшысы Нұрлыбек Нәлібаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, қала аумағындағы 270 көше қайта жаңғыртылған. Биыл жол инфрақұрылымын дамытуға бюджеттен 50 млрд 605 млн теңге бөлініп, 329 шақырым автомобиль жолы, көшелер мен көпір өткелдері жөндеуден өтті.

Жуырда «Қызылорда – Жезқазған» автомобиль жолының өңір аумағындағы 216 шақырымы қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Мамыр айында Арал қаласында 3 млрд 140 млн теңгеге салынған ұзындығы 940 метрлік аспалы көпір ашылды. Сонымен қатар Жаңақорған кентінде теміржол үстінен өтетін көпір құрылысы аяқталып, бұл нысанға 1 млрд 400 млн теңге жұмсалды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қала мен Ақтөбе облысы бағытындағы автомобиль жолын төрт жолақтыға ауыстыру жобасы демеушілер есебінен 350 млн теңгеге әзірленді. Қазіргі уақытта қала маңынан айналма жол салу жұмыстары басталмақ. Ал Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі 462 шақырым жолдың техника-экономикалық негіздемесі дайын. Жобаның жалпы құны 832 млрд 812 млн теңгені құрайды. Құрылыс аяқталған соң шамамен 500 шақырымға жуық жол бірінші санатқа өтеді.

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында көлік логистикасын дамытуға ерекше мән беріліп, «Сексеуіл – Бейнеу» автомобиль жолының құрылысын жеделдету тапсырылды. Ұзындығы 559 шақырымды құрайтын бұл жолдың 189 шақырымы Арал ауданы аумағындағы Құланды, Ақбасты, Ақеспе, Қосаман, Бердікөл, Сексеуіл ауылдары арқылы өтеді. Жоба өңірдің шеткері елді мекендеріндегі көлік қатынасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының қолдауымен Қорқыт Ата әуежайының жаңа терминалы пайдалануға берілді. Жобаны іске асыруға 16 млрд 700 млн теңге көлемінде жеке инвестиция тартылып, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға жергілікті бюджеттен 4 млрд 300 млн теңгеден астам қаржы бөлінді.

Қазіргі таңда әуежай мемлекеттік субсидиясыз жұмыс істеп отыр. Жаңа терминал жылына 2 млн жолаушыға дейін қабылдай алады. Аптасына 30 рейс жүзеге асырылады, күн сайын 1200-ден астам жолаушыға халықаралық стандарттарға сай қызмет көрсетіледі.

Қалада 975 млн теңгеге салынған заманауи автовокзал пайдалануға берілді. Қоғамдық көлік мәселесін шешу мақсатында 300 жаңа автобус жеткізіліп, 1 млрд теңгеге сатып алынған 100 экотакси қалаішілік қатынастың жақсаруына оң әсер етті.

«Қазақстан Темір Жолы» компаниясы мен жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен теміржол вокзалы 600 млн теңгеден астам қаржыға күрделі жөндеуден өтті. Қазіргі уақытта Арал, Сексеуіл, Жалағаш, Тереңөзек вокзалдары қайта салынды. Қазалы, Төретам, Шиелі, Жаңақорған теміржол вокзалдарында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар инвесторлар Арал және Жаңақорған аудандарында жол бойындағы заманауи қызмет көрсету кешендерін ашты. Қаладағы теміржол асты автожолының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Ал Қармақшы ауданы орталығында теміржол арқылы өтетін көпір құрылысы алдағы уақытта басталады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button