Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында жаңадан салынып жатқан медициналық мекемелер туралы жазды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Қаланы дамыту барысында әлеуметтік нысандардың құрылысына ерекше назар аударамыз. Медициналық мекемелердің құрылысымен таныстым.
Соңғы жылдары елордада 21 медициналық нысан салынып, пайдалануға берілді. Олар – Ұлттық ғылыми онкология орталығы, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы және қадамдық қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін емханалар жанындағы 19 филиал. Дегенмен, жыл сайын тұрғындар саны өсіп келе жатқандықтан, медициналық мекемелерге деген сұраныс та артып отыр. Біз медициналық нысандардың құрылысына жеке қаржыландыруды да тартып жатырмыз.
Жыл соңына дейін «Нұрлы жол» теміржол вокзалының жанында ауысым сайын 350 келушіден қабылдай алатын жекеменшік клиника ашу жоспарланып отыр. Бұл клиника тұрғындарға мемлекеттік тапсырыс бойынша қолжетімді медициналық көмек көрсетеді.
Келер жылы «Самұрық-Қазына» қорының қаражаты есебінен №2 қалалық көпсалалы ауруханада қабылдау-диагностикалық кешенінің, сондай-ақ Сарыарқа ауданында 250 орындық перинаталдық орталықтың құрылысы аяқталады деп күтіліп отыр.
Сол сияқты келесі жылы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығында балаларға арналған 200 орындық травматология орталығының құрылысы басталады.
Алдағы үш жылда барлығы 11 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланып отыр: Алматы ауданында перинаталдық орталық, жаңа заманауи көпсалалы аурухана, жаңа әрі толыққанды 6 емхана (екеуі – мемлекеттік) және жедел медициналық көмек көрсететін 3 қосалқы станция», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.
Tags
Астана25.11.2025
287



