1 қыркүйектен бастап жекеменшік және мемлекеттік мектептерге бірдей бағдарлама енгізіледі

Жаңа оқу жылынан бастап еліміздегі барлық білім беру ұйымдарында, соның ішінде жекеменшік мектептерде де тәрбие жұмысы «Адал азамат» атты біртұтас бағдарлама негізінде жүргізіледі. Бұл – бұрын жүзеге асырылған «Біртұтас тәрбие» тұжырымдамасының жалғасы, бірақ мазмұны жаңартылып, Мемлекет басшысының «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» идеологиялық қағидасымен үндестірілген, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.
«Бұл – бұрын жүзеге асырылған «Біртұтас тәрбие» тұжырымдамасының жалғасы, бірақ мазмұны жаңартылып, Мемлекет басшысының «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» идеологиялық қағидасымен үндестірілген. Оның мақсаты – адал, еңбекқор, елжанды азаматтар тәрбиелеу. Тәрбие жүйесі жалпыұлттық құндылықтарға негізделіп, мектеп, ата-ана және қоғам арасындағы байланысты нығайтуға бағытталады. Барлық мектептер үшін бірыңғай визуалды стандарт – брендбук әзірленеді. Мектептің ішкі және сыртқы келбеті ұлттық тәрбиелік құндылықтар мен мәдениетті бейнелейтін ортаға айналады»,-деп жазылған мәлімдемеде.
Тәрбие жұмысын жүзеге асыруда барлық тараптардың өзара бірлесе қызмет атқаруына ерекше көңіл бөлінеді. Мектептердегі тәрбие ісі мемлекеттік органдармен, құқық қорғау, денсаулық сақтау, ішкі саясат саласындағы құрылымдармен тығыз жүргізіледі.
Ай сайын белгіленген тақырыптар сабақ пен сыныптан тыс іс-шараларды бір-бірімен сабақтастырады. Мысалы: әділдік, еңбекқорлық, патриотизм сынды құндылықтар оқу процесінің өзегіне айналмақ. Осы бағытта мектеп өміріне «Өнегелі 15 минут», күй әуенімен қоңырау соғу, ұлттық ойындар секілді жаңа форматтар енгізіледі. Сонымен қатар, оқушының мектеп қабырғасынан тыс өмірлік тәжірибесін байытуға да ерекше көңіл бөлінеді.
Бұл бағдарлама – еліміздің барлық мектептерінде біртұтас тәрбиелік орта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.