Некеге мәжбүрлегендер 10 жылға дейін сотталуы мүмкін

ҚР Әділет вице-министрі Лаура Мерсалимова мәжбүрлеп некеге отырғызғандар 10 жылға дейін сотталуы мүмкін екенін айтты, деп жазады Kazinform агенттігі.
Мерсалимованың айтуынша, бұл норма Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген маңызды тапсырмасы аясында енгізілді. Ол қоғамда мұндай жағымсыз жағдайлардың әлі де кездесетінін, әсіресе қыз алып қашуды тек дәстүр ретінде емес, күрделі құқықтық мәселе ретінде қарастыру керектігін атап өтті.
Бұған дейін Қылмыстық кодекстің 125-бабында («Адам ұрлау») тиісті жаза қарастырылған болатын. Алайда, бұл бапта егер адам өз еркімен босатылса, кінәлі тарап жазадан босатылатын олқылық бар еді.
Осы олқылықты жою мақсатында халықаралық тәжірибе талданып, Қылмыстық кодекске арнайы «Некеге мәжбүрлеу» атты жаңа бап енгізу ұсынылды. Вице-министрдің сөзінше, енді адамды некеге күштеп тарту немесе ар-намысына тиетін ақпаратты жариялаймын деп қорқыту әрекеттері қылмыс болып саналады.
Бұл қылмыс үшін 2 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.