Этномәдени мерекелер Астанада татулықты нығайтуда жалғасып жатыр
Астана қаласындағы Достық үйінде әртүрлі ұлт өкілдері мен ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін Пасха мерекесіне арналған ерекше шеберлік сабағы ұйымдастырылды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Мерекелік шарада балалар Пасха жұмыртқаларын бояуды үйреніп, кулич пісіруге арналған қамыр дайындады. Қылқалам, түрлі түсті қарындаштар мен арнайы аппликациялар арқылы балалар өздерінің шығармашылығын паш етті. Мерекенің басты дәмі – мейіз қосылған кулич, сүзбе қосылған Пасха тағамы және түрлі түске боялған жұмыртқалар дастархан сәнін кіргізді.
Игі бастаманы ұйымдастырған – Астана қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі.
— Шара өте қызықты болды! Барша қазақстандықтарды Пасха мерекесімен құттықтаймын! Бақыт пен жақсылық тілеймін, – деді қатысушылардың бірі Кирилл Чернов өз әсерімен бөлісіп.
Мереке аясындағы бұл шеберлік сабағы – Достық үйінде дәстүрге айналған көпэтносты іс-шаралардың жалғасы. Бұған дейін Наурыз тойланған болатын. Енді міне, тағы да түрлі этнос өкілдері ортақ дастархан басында бас қосты.
— Біз Қазақстандағы барлық мерекелерді бірге атап өтеміз. Мақсатымыз – барлық этностарды бір шаңырақтың астына біріктіру. Бүгінгі шараға ерекше балалар келді. Олардың жүзіндегі қуаныш – біз үшін үлкен баға, – деді Достық үйі басшысының орынбасары Камета Ибраева.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай форматтағы Пасхаға арналған шеберлік сабағы алғаш рет өтіп жатыр. Бұл іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған мәдени бағдарламалардың бір бөлігі саналады. Алдағы уақытта ұлтаралық татулық пен төзімділік мәдениетін арттыру мақсатында жаңа кездесулер мен шығармашылық сабақтар өткізілмек.