Үкіметте атом энергетикасын дамыту мәселесі бойынша кеңес өтті
![](https://astananews.kz/wp-content/uploads/2025/02/67a44dcd1a589406062334-1-780x470.jpg)
Президенттің электр энергетикасы инфрақұрылымын қарқынды дамыту және қажетті резервтер құру жөніндегі тапсырмасын ескере отырып, 2025–2031 жылдарға арналған электр энергиясының болжамды теңгерімі тыңдалды. Электр энергиясын тұтынудың ұдайы өсуіне байланысты жеке инвестициялар есебінен жұмыс істеп тұрған электр станцияларын жаңғырту арқылы 2035 жылға дейін 26,5 ГВт деңгейінде жаңа генерациясы бар қуаттар құрылымы қарастырылып жатыр.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бірінші атом электр стансасының құрылысы бойынша әлеуетті жеткізушілермен жүргізілген келіссөздер туралы баяндады.
Премьер-министр АЭС салу мәселесінде еліміз үшін барынша экономикалық тиімділікті қамтамасыз ету қажет екеніне тоқталды. Жеткізушіні таңдауда ел ішіндегі құндылықты арттыруға, өндірісті локализациялауға және технология трансфертіне мән беру тапсырылды.
Сондай-ақ атом ғылымын, сала мамандарын даярлау бойынша білім беру бағдарламаларын дамытудың келешегін талқылады. «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС басшысы Т. Жантикин, Ұлттық ядролық орталығының басшысы Э. Батырбеков, Ядролық физика институтының басшысы С. Сахиев өздерінің сараптамалық көзқарастарымен бөлісті.