Астанада XXI Халықаралық Жәутіков олимпиадасы басталды
21-ші Халықаралық Жәутіков олимпиадасы алғаш рет Астанада өтуде.
2025 жылғы 13-17 қаңтар аралығында Астанада оқушыларға арналған математика, физика және информатика бойынша 21-ші Халықаралық Жәутіков олимпиадасы өтеді, деп хабарлайды AstanaNews.kz Республикалық физика-математика мектебінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Олимпиадаға әлемнің 15 елінен 700-ге оқушы мен 150 жуық жетекші қатысады. Қатысушы елдер қатарында: Армения, Әзербайжан, Беларусь, Болгария, Грузия, Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан, Румыния, Ресей, Сербия, Тәжікстан, Түркия, Түрікменстан, Қазақстан бар. Командалардың құрамы ұлттық пәндік олимпиадалардың нәтижелері бойынша анықталады.
Олимпиаданың ұйымдастырушылары: Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі,«Республикалық физика-математика мектебі» КеАҚ және «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы.
Олимпиада бес күнге созылады және екі турдан тұрады. Тапсырмалар күрделілігі бойынша мамандандырылған сыныптар бағдарламасына сәйкес келеді және халықаралық қазылар алқасымен құрастырылған. Қазылар алқасының төрағасы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Асқар Жұмаділдаев болады.
«Математика, физика және информатика пәндері бойынша мектеп оқушыларына арналған Халықаралық Жәутіков олимпиадасы елімізде 21-ші рет ұйымдастырылуда. Биыл ол алғаш рет Астана қаласында өтеді. Қатысушылар РФММ мен Astana IT университетінің аудиторияларында теориялық және практикалық турларда өз білімдері мен дағдыларын көрсетеді.
Жәутіков олимпиадасының қорытындысы бойынша қатысушыларға сертификаттар мен естелік сыйлықтар табысталады, ал жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен алтын, күміс және қола медальдар беріледі.
Олимпиаданың ашылу және жабылу рәсімдері Астана қаласындағы. YouTube-тегі ресми парақшада тікелей эфирде көрсетіледі.
Қосымша ақпарат:
Ашылу және жабылу рәсімдері «Бейбітшілік және келісім сарайында» (Астана қаласы, Тәуелсіздік даңғылы, 57) өтеді. Іс-шараға қала әкімі, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері және қатысушы елдердің елшіліктері қатысады.
- Ашылу рәсімі: 2025 жылғы 13 қаңтар, сағат 17:00.
- Жабылу рәсімі: 2025 жылғы 17 қаңтар, сағат 16:00.
Олимпиада өтетін негізгі алаңдар:
- Математика және физика – Республикалық физика-математика мектебі (Түркістан көшесі, 2/1).
- Информатика – Astana IT University (Мәңгілік Ел даңғылы, С1).