Astana Hub сегіз жылда 6,7 млрд долларлық технологиялық экожүйе қалыптастырды
Astana Hub халықаралық инновациялық кластері сегіз жылдығын атап өтуде. Осы аралықта орталық стартаптар, инвесторлар мен IT-компаниялар үшін дамыған экожүйе құрып, Қазақстан мен Орталық Еуразиядағы IT және жасанды интеллект индустриясын дамытуға маңызды үлес қосты.
Технологиялық экожүйенің өсу көрсеткіштері
Бүгінгі күні Astana Hub құрамында 2 700 компания бар, оның 560-ы шетелдік үлесі бар кәсіпорындар. 2019 жылдан бері экожүйе қатысушыларының жалпы табысы 6,7 млрд долларды құрады. Осы кезеңде IT қызметтер экспорты 2,4 млрд долларға жетті, ал стартаптар 2 млрд доллардан астам инвестиция тартты. Бұл жетістіктер жүйелі жұмыстың нәтижесі ретінде бағаланады.
Өңірлік IT-хабтар және стартаптарға қолдау
Astana Hub еліміздің барлық аймағында технологиялық экожүйені дамытып келеді. Бүгінде 20 аймақтағы IT-хабтар жергілікті қауымдастықтарды дамыту және IT саласындағы жаңа мамандарды оқыту орталықтарына айналған. Өңірлік хабтар ашылғалы 5 200-ден астам шара ұйымдастырылып, 80 000 адам қатысты, 700 стартап көпшілікке таныстырылды. Startup Orda, G-Ton және Smart City Accelerator секілді бағдарламалар аймақтық кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған.
Халықаралық шаралар және рекордтық жобалар
Digital Qazaqstan ұлттық форумы, AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы және GITEX AI Kazakhstan сияқты маңызды шаралар Қазақстанның халықаралық технологиялық және AI-хаб ретіндегі мәртебесін күшейтті. 2026 жылы HackAlem AI аясында 2 415 қатысушы AI-хакатонға қатысып, Гиннесс рекордына қол жеткізілді.
IT-білім және кадр даярлау жобалары
Astana Hub әртүрлі жастағы азаматтарға IT білімін ұсынуда. TUMO Astana орталығында 2 430 жасөспірім оқиды, олар 12-18 жас аралығында бағдарламалау, робототехника, ойын әзірлеу және жасанды интеллект негіздерін меңгеруде. Tech Orda бағдарламасы арқылы 133 IT-мектептен 11 410 маман дайындалды, олардың 90%-ы жұмысқа орналасқан. Tomorrow School peer-to-peer мектебінде 481 студент білім алып жатыр, ал ML School Kazakhstan бағдарламасы екі жылдық тегін оқыту аясында 32 қатысушыны қабылдады.
Акселерациялық және инкубациялық бағдарламалар
Silkway Accelerator халықаралық бағдарламасы 83 стартапты шығарды, Startup Garage 1 400-ден астам жобаға қолдау көрсетті, оның 428-і оқуды аяқтады. AI’preneurs бағдарламасы 51 стартап пен 125 түлекті қамтыды. Astana Innovations Accelerator елорданың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған 17 жобаны іске асырды. Сондай-ақ, Central Eurasian Market Entry бағдарламасы аясында 13 стартап Орталық Азия нарығына шығуға мүмкіндік алды.
Жасанды интеллект орталығы мен халықаралық ынтымақтастық
alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы Қазақстан мен әлемнің түкпір-түкпірінен таланттарды тартатын алаңға айналды. 2026 жылы осы жерде Northern Eurasia Camp оқу-жаттығу жиыны өтті, оған ICPC World Finals 2026 финалистері дайындалды.
Дереккөз: gov.kz


