Экономика

Алматыда II Тянь-Шань форумы басталды: қаржы ынтымақтастығы талқыланды

Алматыда Орталық Азиядағы экономикалық ынтымақтастыққа арналған II Тянь-Шань форумы өз жұмысын бастады. Бұл жиынға аймақ елдерінің мемлекеттік органдары, халықаралық қаржы ұйымдары, даму институттары, іскер топтар мен сарапшылар қатысты.

Форум барысында Қазақстанның Қаржы министрі Мәди Такиев Қытай Халық Республикасының Қаржы министрі Лан Фоанмен кездесті. Тараптар қаржы нарықтарын дамыту, инвестициялық ресурстарға қолжетімділікті арттыру, бірлескен экономикалық бастамаларды қолдау және ведомствоаралық өзара іс-әрекетті нығайту мәселелерін қарастырды. Мәди Такиев екі ел арасындағы әріптестікті өзара құрмет пен сенім негізінде дамытуға баса назар аударылатынын айтты.

Халықаралық қаржы институттарындағы серіктестік

Кездесу кезінде халықаралық қаржы институттары шеңберіндегі ынтымақтастық, соның ішінде ШЫҰ Даму банкін құру мәселесі сөз болды. Сонымен қатар тараптар қытайлық капитал нарығындағы ықпалдастықты кеңейту жолдарын талқылады. Мәди Такиев Қытай тарапына қазақстандық панда-облигациялардың жалпы 10 млрд юань болатын екі шығарылымын табысты орналастыруға көмектескені үшін алғыс білдірді. Бұл қаржыландыру шарттарының тиімділігі мен инвесторлардың қызығушылығы екі ел арасындағы қаржы саласындағы байланыстарды жаңа деңгейге шығарды.

Инфрақұрылым және тәжірибе алмасу

Келіссөз барысында инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға ерекше көңіл бөлінді. Қазақстанның Қаржы министрі шілдеде қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандумды нақты іске асыруды ұсынды. Бұл құжат салық пен мемлекеттік қаржы жүйесін басқару, қаржы технологияларын енгізу салаларында тәжірибе алмасуды қарастырады.

Орталық Азияға инвестиция тарту

Форум аясында «Орталық Азияға бағытталған инвестициялар» сессиясы өтті. Онда ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбеил құттықтау сөз сөйлеп, Орталық Азияның халықаралық экономикалық дамудың жаңа сатысына көтерілгенін атап өтті. Оның айтуынша, жаһандық нарық ойыншыларының аймаққа қызығушылығы және «Орталық Азия+» форматындағы жаңа ынтымақтастық тетіктері өңірлік экономикалық байланыстарды нығайтуға және халықаралық инвестиция тартуға жол ашады.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button