Басты жаңалықтарСпорт

Астанада Паралимпиада орталығында шахматтан командалық турнир өтті

Мүгедектер күніне орай Паралимпиада орталығында шахматтан командалық бәсеке өтті, деп хабарлайды AstanaNews.kz.

Оған тірек-қимыл аппараты бұзылған, көру қабілеті төмен, есту қабілеті нашар 40-қа жуық әуесқой спортшы шаршы тақтада сайысты.

«Алматы ауданы әкімінің кубогы үшін алғаш рет шахматтан командалық сайыс өтіп жатыр. Бастапқы жоспарымыз бойынша, әйелдерде 3, ерлерде 5 команда болады деп ойлағанбыз. Алайда жарысқа қатысқысы келетіндердің саны артты. Бұл үстел жағынан сәл қиындық тудырғанымен, бәсекелестік жағынан тартысты арттырады. Жеке жұмыстарына байланысты келе алмай қалған қаншама жандар бар. Жалпы Паралимпиада орталығында аптасына тұрақты түрде 3 мәрте жаттығу өткіземіз», — деді Елорда спорт клубының шахмат жаттықтырушысы Сағынбай Дәуренбеков.

Қатысушылардың арасында өзге параспорт түрлерімен шұғылданатын адамдар да жеткілікті. Мысалы, Айдар Саташев шахматтан бөлек, Showdown үстел теннисінен Қазақстан чемпионатында 3 жылдан бері ешкімге дес бермей келе жатыр. Оның айтуынша, өзге спорттағы әдіс-тәсілдер де жетістікке жетуге септігін тигізеді екен.

Айта кетейік, шахмат ойыны Азия Пара ойындары сынды ірі құрлықтық жарыстардың бағдарламасына енгізілген. Осындай турнирлер Астана қаласында мықты жандарды қалыптастырып, республика деңгейінде ғана емес, халықаралық додаларда да ел намысын қорғайтынына сенеміз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button