Басты жаңалықтарСаясат

Мемлекет басшысы Astana Think Tank форумының пленарлық отырысында сөз сөйледі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жиын қатысушыларына ілтипат білдіріп, бұл диалог алаңы Астана халықаралық форумының аясында құрылғанын, ең өзекті жаһандық және өңірлік мәселелер жөнінде пікір алмасуға арналғанын атап өтті, деп хабарлайды AstanaNews.kz.

– Өздеріңізге мәлім, бүгінде адамзат аймақтық қақтығыстар, экономикалық тұрақсыздық, климаттың өзгеруі, азық-түлік және көші-қон қауіпсіздігі секілді бұрын-соңды болмаған сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Аталған жаһандық проблемалар бәрімізді толғандырады және оған төтеп беретін шараларды бірлесе іздегеніміз жөн. Біздің келешегіміз қаншалықты күш-жігер біріктіріп, ортақ келісімге келе алатынымызға тікелей байланысты. Сондықтан Қазақстанның бұл маңызды үдеріске атсалысуын зор мәртебе санаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы әлемнің жікке бөлінуі күшейіп, көпжақты халықаралық институттардың беделі әлсіреген сайын, орта державалардың рөлі арта түседі деп санайды.

 

– Ірі державалар бақталастыққа бой алдырып, бір мәмілеге келе алмай жатқан кезде, дау-дамайды реттеуге орта державалар жиі дәнекер болады. Осылайша олар жаһандық ынтымақтастықтың іргесі шайқалмауына ықпал етеді, – деді Президент.

 

Қасым–Жомарт Тоқаев форум қатысушыларына еліміздің өсіп-өркендеуі және қоғамның демократиялық талпыныстарын жүзеге асыру үшін Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды саяси реформалар жөнінде айтты. Оның пікірінше, АЭС құрылысы бойынша таяуда өткен жалпыхалықтық референдум еліміздің демократиялық құндылықтарға бейіл екенін көрсетті.

 

Мемлекет басшысы жүргізіліп жатқан реформалар ішкі тұрақтылықты сақтауда ғана емес, экономикалық өсімге және шетелдік инвестицияларға қолайлы жағдай жасау ісінде де маңызды екенін атап өтті.

 

– Қазақстан экономикалық тұрғыдан айтарлықтай табысқа қол жеткізді. Біз 400 миллиард доллар көлемінде шетелден тікелей инвестиция тарттық. Елімізде жаңа инвестициялық кезең басталды. Оның стратегиялық мақсаты – 2029 жылға қарай 150 миллиард доллар көлемінде қаржы тарту. Біз инвесторлар үшін жедел шешім қабылдаудың және жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсетудің мәні зор екенін жақсы түсінеміз. Осы мақсатта Инвестициялық кеңес құрылды. Оған стратегиялық инвестициялық жобаларға жетекшілік ету құзыреті берілді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан кейін орта державалардың БҰҰ мәртебесін нығайту және мультилатерализм қағидаттарын ілгерілету процесіндегі рөлі жайында сұрақ қойылды.

 

– Әлбетте, әлгінде баяндамамда біз мультилатерализмнің жақтаушысы екенімізді айттым. Біз әлем қазір де, болашақта да, ең алдымен, БҰҰ Жарғысында көрсетілген қағидаттарға негізделуге тиіс екеніне сенімдіміз. Біз БҰҰ Жарғысын ұстануымыз керек. Ешкімге оны бұзуға құқық берілмеген. Өйткені оның баламасы жоқ.

 

БҰҰ Жарғысы – қазіргі халықаралық жүйенің тірегі. Бәлкім, БҰҰ-ның рөліне қатысты қандай да бір көңіл толмаушылық бар шығар, сын да айтылар. Бірақ бізге күш-жігер біріктіріп, соғыс, қақтығыс атаулыны тоқтатып, керісінше, диалог пен бейбітшілік жолына түсу қажет.

 

Қазақстан туралы айтар болсақ, реформаларды жалғастырып, көздеген стратегиялық жоспарды жүзеге асыру үшін бейбіт жағдайда даму біз үшін аса маңызды. Қазір біздің алдымызда еліміздің саяси-экономикалық әлеуетін арттыруға қатысты ауқымды міндет тұр. Сондықтан біз бейбітшілікті жақтаймыз. Бұл ретте көпжақты ынтымақтастық жасап отырған дүние жүзіндегі серіктестерімізге ризашылық білдіреміз. Қазақстан – халықаралық нарыққа ашық ел. Біз шетелден тікелей инвестиция тартқымыз келеді. Бұл туралы жаңа айттым. Сол үшін Қазақстанда қызмет істегісі келетін инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасаймыз, – деді Мемлекет басшысы.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button