Саясат Нұрбек Еуропалық Парламент өкілдерімен ғылым және жоғары білімдегі ынтымақтастықты талқылады
Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Орталық Азия және Моңғолия бойынша ынтымақтастық жөніндегі Еуропалық Парламент делегациясының төрағасы Джузи Принчи бастаған делегация өкілдерімен кездесті. Басқосуда тараптар Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы жоғары білім, ғылым және инновация салаларындағы серіктестікті одан әрі дамыту мүмкіндіктерін қарастырды.
Жоғары білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастық
Кездесу барысында академиялық және студенттік ұтқырлықты арттыру, бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру, жасанды интеллект саласындағы әріптестік, сондай-ақ ЕО-ға мүше елдермен мемлекетаралық байланысты нығайту мәселелері сөз болды. Министр Саясат Нұрбек еуропалық делегацияға Қазақстанда жоғары білім беруді интернационалдандыру, өңірлік білім беру орталығын қалыптастыру және шетелдік университеттердің қатысуын кеңейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Сондай-ақ, Франция, Германия, Бельгия, Италия, Польша және Мажарстанның жетекші университеттерімен бірлескен ғылыми зерттеулер мен озық технологиялар трансферіне басымдық берілді.
Жасанды интеллект және жаңа технологиялар
Кездесуде жасанды интеллектіні жоғары білім жүйесіне енгізу мәселесі басты тақырыптардың бірі болды. Министр жасанды интеллект технологияларын білім беру бағдарламаларына кезең-кезеңімен енгізу, студенттер мен оқытушылардың цифрлық құзыреттерін арттыру және ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын дамыту бойынша жүргізіліп жатқан шаралар туралы айтты.
Тараптар жасанды интеллектті дамыту Қазақстан мен Еуропалық Одақ үшін стратегиялық маңызды екенін атап өтті. Осы бағытта тәжірибе алмасу, жаңа буын мамандарын даярлау және бірлескен технологиялық жобаларды іске асыру жолдары талқыланды. Сондай-ақ, Horizon Europe бағдарламасы аясындағы ғылыми-технологиялық ынтымақтастыққа назар аударылды.
Ұзақ мерзімді әріптестікті дамыту жоспарлары
Кездесу қорытындысында тараптар сындарлы диалогты жалғастыруға, академиялық алмасуды кеңейтуге және Қазақстан мен ЕО елдерінің университеттері мен ғылыми ұйымдары арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екенін білдірді. Саясат Нұрбек Қазақстанның Еуропалық Одақпен ғылыми және технологиялық ынтымақтастықты, оның ішінде жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және ғылыми зерттеулердің басқа да маңызды бағыттары бойынша әріптестікті тереңдетуге мүдделі екенін атап өтті.
Дереккөз: gov.kz



