Экономика

Қазақстан мен Чехия аграрлық салада әріптестікті кеңейтуде

Қазақстан мен Чехия агроөнеркәсіп кешеніндегі сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыруды, асыл тұқымды мал шаруашылығын жетілдіруді және заманауи агротехнологияларды енгізуді мақсат етіп отыр. Биылғы жылдың алғашқы сегіз айында екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы 31 пайызға өсті.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасы өсуде

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы мен Чехия Республикасының ауыл шаруашылығы вице-министрі Ярослава Шпалкованың кездесуі барысында ауыл шаруашылығы өнімдерін өзара жеткізу көлемін арттыру, мал және өсімдік шаруашылығындағы әріптестікті дамыту, сондай-ақ ветеринариялық және фитосанитариялық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.

Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары

Ермек Кенжеханұлы екі ел арасындағы ынтымақтастықты кеңейту Қазақстанның аграрлық өнімін Еуропа нарығында ілгерілетудің маңызды жолы екенін атап өтті. Ол тікелей іскерлік байланыстарды нығайтып, экспортталатын өнім түрлерін көбейту және олардың еуропалық сапа мен қауіпсіздік талаптарына сай болуын қамтамасыз ету қажеттігін айтты.

Чехия тарапы асыл тұқымды мал шаруашылығы, аквашаруашылық және органикалық өнім өндіру салаларындағы серіктестікті басым бағыттар ретінде атады. Қазақстан өз кезегінде тауар құрылымын әртараптандырудың, жеткізілім көлемін ұлғайтудың маңыздылығын атап өтті.

Тәжірибе алмасу және технологияларды енгізу

Ықпалдастықтың маңызды бағыттарының қатарында асыл тұқымды ірі қара мен жоғары генетикалық құндылығы бар бұқалардың ұрығын жеткізу, селекциялық-асылдандыру жұмыстарын жетілдіру, қолдан ұрықтандыруды дамыту және мал басын көбейту саласында тәжірибе алмасу бар. Сондай-ақ, өсімдіктер карантині мен қорғау, тиісті процестерді цифрландыру мен автоматтандыруға ерекше көңіл бөлінді.

Тараптар фитосанитариялық бақылауды жетілдіру және процестердің тиімділігін арттыру үшін тәжірибе мен технологиялар алмасу мүмкіндіктерін қарастырды.

Болашақтағы әріптестік

Кездесу соңында Қазақстан мен Чехия өкілдері агроөнеркәсіптік кешендегі ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қызығушылық білдіретінін жеткізді. Бұл бағыттар екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтып, аграрлық саладағы ұзақ мерзімді әріптестікті кеңейтуге мүмкіндік береді.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button