Үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне қатысты заң жобалары талқылауға ұсынылды
«Ашық НҚА» порталында «Үкіметтік емес ұйымдар туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңдарына үкіметтік емес ұйымдар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары жарияланды. Бұл құжаттар үкіметтік емес ұйымдарды дамытуға және мемлекеттік органдармен ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған.
Заң жобаларында әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру, әлеуметтік бағдарламалар мен жобалардың тиімділігін көтеру, азаматтық бастамаларды қолдау көзделген. Құжаттар қабылданса, үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қоғам құрылымдарының жұмысы заң жүзінде жетілдіріледі. Сондай-ақ мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы серіктестік нығайып, мемлекеттік қолдау мен волонтерлік қызметті дамытуға мүмкіндік жасалады.
Сонымен қатар, заң жобаларында цифрлық технологияларды енгізу және тиісті мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін нақтылау жоспарланған. Мәдениет және ақпарат министрлігі барлық азаматтар мен ұйымдарды осы заң жобаларын талқылауға қатысуға шақырады.
Дереккөз: gov.kz



