Басты жаңалықтар
Tarlan Astana жеңіл рельсті көлік жүйесінің екінші кезеңі қалай жүзеге асуда
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Tarlan Astana жеңіл рельсті көлік жүйесінің екінші кезеңіне қатысты мәліметпен бөлісті. Ол бұл туралы өзінің Instagram парақшасында жариялады. Қазіргі уақытта бұл көлік түрімен тасымалданған жолаушылар саны 11,5 миллионға жуықтады. Әкімнің айтуынша, жеңіл рельсті көлік желісі қала тұрғындарының күнделікті өміріне етене енген.
Жобаның екінші кезеңі қалай жүзеге асуда
Қала әкімдігі көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында жеңіл рельсті жүйенің екінші кезеңін қатар қолға алған. Құрылыс бірнеше бағыт бойынша жүргізіліп жатыр.
- Қосшы қаласы бағыты: Бұл бағытта тіректер, эстакадалар және станциялар салынуда. Қазіргі кезде 294 тірек (97%) орнатылып, 385 эстакадалық құрылымның (73%) монтажы аяқталған. 2026 жылдың соңына дейін №401, 402 және 403 станцияларда бетондау жұмыстары бітеді деп жоспарланған. Бұл бағытта барлығы үш станция салынады.
- Жағалау шағынауданы бағыты: Мұнда сегіз станция салу жоспарланған. Геологиялық зерттеулер аяқталды. Қазіргі уақытта қоршаулар орнатылып, инженерлік желілерді көшіру және қайта жүргізу жұмыстары атқарылуда.
- «Астана-1» теміржол вокзалына бағыт (оң жағалау): Бұл бағытта тоғыз станция салу көзделген. Геологиялық зерттеу жұмысы аяқталды. Сығанақ даңғылында №201/301 станцияларының ауысып міну торабының құрылысы жүргізілуде. Қазақ радиосы көшесі мен Қабанбай батыр даңғылы аралығында екі тірекке бетон құю аяқталды, қадалар мен арқалықтарды орнату жұмысы жүріп жатыр. Өзге учаскелерде дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Жеңіл рельсті жүйенің маңызы
Жеңіс Қасымбектің айтуынша, жеңіл рельсті көлік желісін дамыту Астанада заманауи әрі қолайлы қоғамдық көлік жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Дереккөз: gov.kz



