Астанадағы №6 өрт сөндіру бөлімінде егіз ағайынды жеті жыл қатар қызмет істеп жүр
Астанадағы Асқар Забикулин атындағы №6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде егіз ағайынды Айсұлтан мен Нұрсұлтан Кемаладиновтар 2019 жылдан бері өрт сөндіруші болып еңбек етіп келеді. Биыл 19 қазан – Құтқарушылар күні қарсаңында, олардың қызметі туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Өрт сөндіруші мамандығын таңдауға не себеп болды
Кемаладиновтар Қызылорда облысы Арал ауданында дүниеге келген. 2015 жылы отбасымен бірге Астанаға көшіп келді. Колледжді аяқтап, әскери борышын өтеген соң, 2019 жылы бірге өрт сөндіру қызметіне орналасты. Айсұлтан мен Нұрсұлтанның айтуынша, бұл мамандықты таңдауға өрт сөндіруші болып еңбек еткен ағалары Айдархан Кемаладинов әсер еткен.
«Біз – төрт ағайындымыз. Үлкен ағамыз бен әпкеміз бар. Ал біз үйдің кенжесіміз. Қызметке 21 жасымызда қабылдандық, сол кезде ең жас мамандардың бірі болдық. Тәжірибелі әріптестерімізден көп нәрсе үйрендік. Әсіресе, қызмет барысында қаза тапқан Асқар Забикулинді үлгі тұтамыз. Болашақта білімімізді жалғастырып, офицерлік құрамға өтуді жоспарлап отырмыз», – дейді Айсұлтан Кемаладинов.
Өрт сөндірушілердің жұмысы мен негізгі міндеттері
Егіздер тәуліктік кезекшілік атқарады. Шақырту түскенде, өрт орнына жедел жетуге дайын тұрады. Айсұлтанның сөзінше, кезекшілік кезінде әдетте екі-үш өрт оқиғасына шығады. Бұдан бөлек, жол апаты, лифтте қалып қойған адамдар және басқа да қиын жағдайлар бойынша көмек көрсетеді. Қажет болса, алғашқы медициналық көмек те ұсынады.
Өрт сөндірушілер үшін әр минут маңызды. Шақырту келсе, жеке құрам арнайы киімдерін киіп, техникамен оқиға орнына шұғыл аттанады. Қорғаныс киімі мен құрал-жабдықтардың салмағы 30 келіге дейін, ал тыныс алу аппаратының салмағы шамамен 12 келі болады.
Командалық жұмыс пен кәсіби жауапкершілік
Нұрсұлтан Кемаладинов өрт сөндіру кезінде физикалық күшпен қатар, командада үйлесімді жұмыс істеудің де маңызы зор екенін атап өтті. Айсұлтан мен Нұрсұлтан Кемаладиновтар бүгінде №6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде қызметін жалғастырып келеді. Егіздер үшін басты міндет – төтенше жағдай кезінде адам өмірін құтқару және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Дереккөз: gov.kz



