Қоғам

Мүгедектік сараптамасына шағымдану: нұсқау және тәртіп

Шағымдану құқығы

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) қорытындыларына шағымдану тәртібін түсіндіреді. Азамат мүгедектік тобы, оның ұзақтығы, себебі немесе еңбекке қабілеттіліктің азаюы дәрежесіне қатысты қабылданған шешіммен келіспесе, сараптамалық қорытындыны қайта қарау туралы өтініш беруге құқылы. Бұл құқықты оның заңды өкілі де пайдалана алады.

Шағым беру мерзімі мен тәсілі

Сараптамалық қорытынды алынған күннен бастап үш айдан кешіктірмей ҚР ЕХӘҚМ Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаментіне шағым беру қажет.

Шағымды екі тәсілмен жолдауға болады:

  • қағаз түрінде тікелей;
  • e-Otinish платформасы арқылы электрондық форматта.

Тікелей сараптама нәтижесіне шағымдану

Азамат тікелей жүргізілген сараптама нәтижесіне шағымданса, оны МӘС әдіснама және бақылау бөлімі қайта қарайды. Мамандар медициналық құжаттарды зерделеп, азаматты қайта тексереді.

Диагноз немесе ағза функцияларының бұзылу дәрежесін нақтылау қажет болғанда, кәсіби мамандар қатысады:

  • кардиолог;
  • онколог;
  • офтальмолог;
  • педиатр;
  • психолог.

Сырттай сараптама нәтижесіне шағымдану

Егер азамат сырттай немесе проактивті форматта жүргізілген куәландыру нәтижесімен келіспесе, шағымын тұрақты тіркелген жері бойынша аумақтық департаментке береді. Құжаттар басқа өңірдің МӘС әдіснама және бақылау бөліміне қарауға жіберіледі.

Қорытынды азаматтың жеке деректері көрсетілмеген медициналық құжаттар негізінде сырттай қайта қаралады.

Қайта қарау мерзімі

МӘС актісі келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде сараптамалық қорытынды шығарылады. Бұл құжаттарға сараптамалық баға беру кезеңіне қатысты.

ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 99-бабына сәйкес, жекелеген жағдайларда өзге мерзімдер белгіленуі мүмкін. Мұндай жағдайда шағым 20 жұмыс күнінде қаралатын болады.

Қайта қарау нәтижесі

Сараптамалық қорытынды өзгертілуі немесе өзгеріссіз қалдырылуы ықтимал. Қабылданған шешіммен келіспеген жағдайда азамат заңнамада белгіленген тәртіппен шағымдануды жалғастыруға құқылы.

Статистика

2026 жылдың тоғыз айында тікелей және сырттай проактивті форматта жүргізілген МӘС нәтижелеріне шағымдану бойынша 4 918 қайта куәландыру өткізіліпті. Оның 440-ы (8,9%) қайта қарау нәтижесі бойынша мүгедектік белгіленген немесе мүгедектік тобы ауыр топқа өзгертілген.

Құқықтық база

МӘС жүргізу және оның нәтижелеріне шағымдану тәртібі ҚР Әлеуметтік кодексімен және Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларымен реттеледі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button