Павлодар облысында Көлік вице-министрі тұрғындармен жол және көлік мәселелерін талқылады
2026 жылғы 27 қарашада Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов Павлодар облысының тұрғындарымен кездесті. Жиында өңірдің көлік инфрақұрылымын жетілдіру, автомобиль және теміржол қатынасы, сондай-ақ азаматтық авиация саласындағы түйінді мәселелер қаралды.
Автомобиль және теміржол жолдарының жағдайы сөз болды
Тұрғындар «Нұрлы жол» Ақсу көпіріндегі және Павлодар – Успенка бағытындағы жол жабынын жөндеу, Май мен Баянауыл аудандарын байланыстыратын жаңа жол салу, Исабек Ишан Хазірет кесенесіне апаратын жолды жақсарту мәселелерін көтерді. Сонымен қатар, облыс жолдарына автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнату және орташа жөндеу жобаларына қатысты ведомстволық сараптаманың мерзімін ұзарту жайы қозғалды.
Жолаушылар тасымалы мен авиация мәселелері талқыланды
Кездесуде Павлодар – Мәскеу теміржол бағытын қайта ашу, қыс мезгілінде Павлодар – Астана автомобиль жолының жабылуына байланысты қосымша вагондар бөлу, Павлодардан субсидияланатын әуе рейстерін көбейту ұсынылды. Автобус паркін жаңарту, жеңілдетілген лизингті қолжетімді ету, облысішілік маршруттарды субсидиялау және қалааралық, облысаралық, халықаралық тасымалдарға мемлекеттік қолдау енгізу қажеттігі де көтерілді.
Жеке өтініштер қаралды
Сапар барысында вице-министр екі тұрғынның жеке өтінішін тыңдады. «Павлодар Вокзал Сервис» ЖШС өкілі коммуналдық қызмет тарифін қайта қарау туралы мәселе көтерсе, Ақсу қаласының тұрғыны теміржол станциясында билет кассасын ашуды сұрады. Көтерілген барлық мәселелер бойынша вице-министр мен салалық бөлімшелердің өкілдері түсініктеме беріп, ұсыныстарды одан әрі қарауға қабылдады.
Дереккөз: gov.kz


