Қоғам

Еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда әлеуметтік төлем қалай есептеледі

Қазақстанда еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда әлеуметтік төлемді есептеу тәртібі ашық және нақты ережелерге сәйкес жүзеге асырылады. Бұл төлемнің мөлшері азаматтың еңбек өтілі мен ресми табысына, әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу мерзіміне тәуелді. Еңбек министрлігі әлеуметтік төлемдер туралы ақпараттандыруды жалғастыруда.

Әлеуметтік төлемді есептеу тәртібі

Әлеуметтік төлемнің мөлшері әр азаматқа жеке анықталады. Есептеу кезінде төмендегі негізгі үш көрсеткіш есепке алынады:

  • Соңғы екі жылдағы ресми орташа айлық жалақы мөлшері. Бұл кезде ең төменгі жалақының жартысы шегеріліп, қалған сома есепке алынады.
  • Еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі. Бұл көрсеткіш медициналық қорытындымен расталады және 30%-дан 100%-ға дейінгі аралықта белгіленеді.
  • Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі. 5 жылға дейін – 1,0 коэффициент, әр қосымша жылға арттыру коэффициенті қосылады.

Сонымен қатар, табысты алмастырудың бірыңғай коэффициенті – 0,6 (60%) қолданылады.

Есептеу мысалы және төлем мөлшері

Мысалы, азаматтың еңбек қабілетінен айырылу дәрежесі – 65%, соңғы екі жылдағы орташа айлық жалақысы – 350 000 теңге, сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі – 9 жыл. Есептеу үш кезеңнен тұрады:

  1. Есептеу үшін табыс негізін анықтау: 350 000 – 42 500 (ең төменгі жалақының жартысы) = 307 500 теңге.
  2. Табысты алмастыру коэффициентін (0,6), еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін (65%) және өтіл коэффициентін (1,08) қолдану.
  3. Қорытынды төлем мөлшерін шығару: ай сайынғы төлем 129 519 теңге болады.

Бұл төлем республикалық бюджеттен берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға қосымша төленеді. 2026 жылы екінші топтағы мүгедектігі бар азамат үшін бұл жәрдемақы 89 498 теңге болады. Яғни, жалпы қолдау сомасы 219 017 теңгені құрайды.

Төлемді тағайындау және тексеру жолдары

Барлық есептеу процестері толық автоматтандырылған. Жүйе мемлекеттік дерекқорлардан қажетті мәліметтерді жинап, адамның қатысуынсыз төлем мөлшерін анықтайды. Әрбір жұмыс істейтін азамат eGov Mobile қосымшасы арқылы өз әлеуметтік аударымдарын және жүйеге қатысуы туралы ақпаратты оңай тексере алады.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button