Мәдениет

Алматыда Сәуле Жанпейісованың 60 жылдығына арналған халықаралық шаралар өтуде

25-27 қараша күндері Алматыда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Сәуле Жанпейісованың 60 жылдығына арналған халықаралық іс-шаралар ұйымдастырылуда.

25 қарашада «Түркі әлемінің дәстүрлі музыкалық мұрасы: вокалдық және аспаптық ерекшеліктері мен заманауи ұлттық құндылықтарды оқытудың, зерттеудің өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиынға Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейден келген ғалымдар, музыкатанушылар, өнер зерттеушілері, оқытушылар және орындаушылар қатысты.

Конференция мен мерейтойлық концерт

Конференция барысында түркі халықтарының ән өнерін сақтау, күйшілік мектептердің сабақтастығын жалғастыру, музыкалық мұраны жүйелеу және кәсіби білім беруде ұлттық музыканы оқыту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ Сәуле Жанпейісованың «Айнамкөз» әндер жинағы таныстырылды.

Сол күні Еркеғали Рахмадиев атындағы Үлкен концерт залында «Сәуленің сәйгүліктері» атты мерейтойлық концерт өтті. Концертте Қазақстан мен Қырғызстаннан келген орындаушылар, жыршылар, өнер қайраткерлері және Сәуле Жанпейісованың шәкірттері өнер көрсетті. Кеште қазақтың дәстүрлі әндері мен жыр-термелері, әр өңірдің орындаушылық мектебіне тән шығармалар және Сәуле Жанпейісованың жеке туындылары орындалды.

Шеберлік сабақтары мен шығармашылық кеш

26 қарашада жыршылық өнер, Маңғыстау өңірінің орындаушылық дәстүрі және түрік бағлама аспабында ойнау бойынша шеберлік сабақтары өтті. Сабақтарды Елмұра Жаңаберген, Елдос Еміл (Қазақстан) және Ирфан Гөрдал (Түркия) жүргізеді.

27 қарашада мерейтойлық бағдарлама Сәуле Жанпейісованың «Бір тойым бар!..» атты шығармашылық кешімен аяқталады. Бұл кеш «Алатау» дәстүрлі өнер театрында өтеді.

Халықаралық шаралардың мақсаты

Іс-шаралар дәстүрлі музыканы насихаттауға, оқыту тәжірибесімен алмасуға және елдер арасындағы мәдени байланысты нығайтуға бағытталған.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button