Қазақстан АӨСШК аясында нақты ынтымақтастықты тереңдетуге дайын
2026 жылғы 25 қарашада Астанада Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исағалиев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) Бас хатшысы Султан Гаджиевпен кездесті.
Кездесу барысында тараптар АӨСШК қызметіндегі өзекті мәселелерді, 2026 жылғы 15 қазанда Бакуде өткен VII Саммит нәтижелерін жүзеге асыру барысын және ұйымды дамытудағы негізгі бағыттарды талқылады. Әсіресе, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған алдын алу дипломатиясы, көлік инфрақұрылымын дамыту, жасанды интеллект, су қауіпсіздігі және адами капитал салаларындағы бастамаларды іс жүзінде іске асыруға ерекше көңіл бөлінді.
Қазақстан АӨСШК-ні нығайтуға, ұйым жұмысының тиімділігін арттыруға және қатысушы елдер арасындағы ынтымақтастықты нақты жобалар арқылы тереңдетуге дайын екенін растады. Бұл ретте Хатшылық пен қатысушы мемлекеттердің күш-жігерін үйлестіру және ұйымның институционалдық әлеуетін арттыру маңызды екені атап өтілді.
Кездесу қорытындысында тараптар АӨСШК қызметіндегі сабақтастықты сақтау және негізгі басымдықтарды алға жылжыту үшін тұрақты әрі сындарлы диалогты жалғастыруға келісті.
Дереккөз: gov.kz



