МӘСҚ-тан асыраушысынан айырылу бойынша төлем қалай есептеледі: негізгі ережелер
Қазақстандағы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі ашық әрі әділ қағидаларға сүйенеді. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан тағайындалатын әрбір төлем нақты есептеу тәртібімен белгіленеді. Мұнда басты назар адамның еңбек қызметі мен жүйеге қатысу ұзақтығына аударылады.
Әлеуметтік төлем мөлшеріне әсер ететін негізгі факторлар
Асыраушысынан айырылған отбасына төленетін әлеуметтік төлемнің көлемі бірнеше маңызды көрсеткішке байланысты анықталады:
- Асыраушының ресми табысы. Жүйе қайтыс болған азаматтың соңғы екі жыл ішіндегі орташа айлық табысын есепке алады. Бұл сомадан заңға сәйкес ең төменгі жалақының жартысы шегеріледі.
- Отбасы мүшелерінің саны. Төлем мөлшерін есептегенде, асырауында қалған балалар мен еңбекке қабілетсіз отбасы мүшелерінің саны ескеріледі. Оларға қатысты 0,5-тен 1,0-ге дейінгі коэффициент қолданылады.
- Әлеуметтік сақтандыру өтілі. Егер жүйеге қатысу өтілі 5 жылға дейін болса, коэффициент 1,0-ге тең. Әрбір келесі жыл үшін бұл көрсеткіш артады.
- Табысты алмастыру коэффициенті. Есептеуде бірыңғай коэффициент — 0,6 (60%) пайдаланылады.
Төлем қалай есептеледі: нақты мысал
Мысалы, екі баласы бар азамат қайтыс болып, оның соңғы екі жылдағы орташа айлық табысы 300 000 теңге, ал әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі 7 жыл болса, есептеу былай жүргізіледі:
- Орташа айлық табыстан ең төменгі жалақының жартысы (2026 жылы — 42 500 теңге) шегеріледі: 300 000 – 42 500 = 257 500 теңге.
- Алынған сомаға табысты алмастыру коэффициенті (0,6), екі балаға арналған коэффициент (0,65) және жеті жылдық өтілге белгіленген коэффициент (1,04) қолданылады.
- Нәтижесінде ай сайынғы әлеуметтік төлем мөлшері 104 442 теңгені құрайды.
Бұл сома мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға қосымша төленеді. 2026 жылы екі балаға арналған мемлекеттік жәрдемақы көлемі 86 447 теңге. Осылайша, отбасы жалпы 190 889 теңге алады.
Есептеудің ашықтығы және мәліметтерді тексеру
Төлемдер толықтай автоматтандырылған жүйемен жүргізіледі. Мемлекеттік ақпараттық жүйе әлеуметтік аударымдар туралы ресми деректерді өздігінен жинап, есептеудегі қателіктер мен адами фактордың ықпалын болдырмайды. Әрбір жұмыс істейтін азамат өз атына аударылған әлеуметтік төлемдерді eGov Mobile қосымшасы арқылы кез келген уақытта тексере алады.
Дереккөз: gov.kz



