Отбасының цифрлық картасы қалай жұмыс істейді: деректер жүйесінің құрылу тәртібі
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтарға цифрлық жүйелердің жұмысын түсіндіруді жалғастырып келеді. Соның ішінде, Отбасының цифрлық картасы қалай жұмыс істейтіні жайлы ақпарат берілді. Бұл жүйе 30-дан аса мемлекеттік ақпараттық жүйеден мәліметтерді автоматты түрде алып, «электрондық үкімет» шлюзі арқылы деректер алмасуды жүзеге асырады.
Мәліметтер қайдан және қалай жиналады
Отбасының цифрлық картасына қажет деректердің үштен бірі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өз базаларынан алынады. Бұл базаларда зейнетақы, жәрдемақы, төлемдер, мүгедектік, еңбек шарты, соңғы үш айдағы табыс жөніндегі деректер бар. Бұдан бөлек, Әділет министрлігіне қарасты 5 және Ішкі істер министрлігіне қарасты 4 ақпараттық жүйеден отбасы құрамы, тіркелген жері, тұрғын үй, жер, кәсіпкерлік, автокөлік туралы мәліметтер түседі. Қалған ақпараттар өзге министрліктердің жүйелерінен алынады.
Барлық жиналған деректер әр отбасының бірыңғай цифрлық бейнесін қалыптастырады. Алайда әлеуметтік жағдайды бағалау үшін тек ресми әдістемеде көрсетілген өлшемшарттардағы деректер қолданылады.
Деректерді жинау кезеңдері
Деректер алмасу үш кезеңге бөлінеді:
- Отбасы құрамын қалыптастыру. Жүйе жеке тұлғалар базасы мен Азаматтық хал актілері тіркеліміндегі ақпараттарды біріктіреді. Туу, неке, ажырасу немесе тегін өзгерту туралы жазбалар арқылы отбасы құрамы автоматты түрде анықталады.
- Мәліметтерді жинау. Әр отбасы мүшесіне қатысты жалақы, мүлік, кредиттік міндеттеме, емханаға тіркелу, білім алу, шетелде болу туралы деректер жиналады.
- Деректерді жаңарту және қайта есептеу. Мәліметтер онлайн немесе белгіленген уақыт аралығында жаңарып отырады. Жүйе ай сайын отбасының әлеуметтік әл-ауқатын қайта бағалайды.
Қате мәліметтерді қалай түзетуге болады
Отбасының цифрлық картасы тек мемлекеттік органдар ұсынған деректерді көрсетеді. Егер кей деректер дұрыс болмаса, мысалы, сатылған көлік немесе пәтер әлі тіркеліп тұрса, оны түзету үшін тұрғылықты жеріңіздегі әлеуметтік қорғау департаментіне жүгіну керек. Алғашқы дереккөз жаңартылған соң, жүйе келесі айлық бағалау кезінде дұрыс ақпаратты автоматты түрде алады.
Министрлік Отбасының цифрлық картасының жұмыс тәртібі туралы азаматтарды ары қарай да хабардар етіп отырады. Ресми ақпаратқа құлақ түріңіздер.
Дереккөз: gov.kz



