Экономика

Қазақстанда риелторлық қызметке бірыңғай талаптар енгізіледі

Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі Құрылтай депутаттары және кәсіби қауымдастықтармен бірлесіп, риелторлық қызметті реттеуге арналған ережелер жүйесін әзірлеп жатыр. Бұл бастама арқылы көрсетілетін қызметтердің сапасы артып, азаматтардың құқықтары қорғалады және риелторлар жұмысының ашықтығы қамтамасыз етіледі.

Риелторлық қызметке бірыңғай қағидалар енгізіледі

Жаңа ережелер бойынша риелторлардың жұмыс тәртібі, клиентпен келісімшарт жасау және қызмет көрсету талаптары нақты белгіленеді. Келісімшартта қызмет құны, комиссия мөлшері мен төлеу тәртібі, екі тараптың құқықтары мен міндеттері анық көрсетілмек. Сондай-ақ, риелторлық қызметке тапсырыс бермеген азаматтардан комиссия алуына тыйым салу ұсынылып отыр.

Кәсіби біліктілік пен стандарттарды күшейту

Министрлік риелторлардың кәсіби біліктілігіне қойылатын талаптарды арттыруды жоспарлауда. Қызмет көрсету сапасы, кәсіби әдеп, мәмілелерді сүйемелдеу және клиенттермен жұмыс істеу бойынша міндетті талаптарды енгізу қарастырылып жатыр. Қазір риелторлардың кәсіби стандарты да әзірленуде, ол мамандардың қажетті білімі мен дағдыларын анықтайды.

Өзін-өзі реттеу және аккредитациялау жүйесі енгізіледі

Риелторлық қызметті өзін-өзі реттеу жүйесін дамыту ұсынылған. Бұл жүйе арқылы кәсіби бірлестіктер өз мүшелеріне ортақ талаптар қойып, олардың жұмысын бақылауға, шағымдарды қарауға және ережені бұзғандарға шара қолдануға құқылы болады. Сонымен қатар, риелторлардың кәсіби біліктілігін растау үшін аккредиттелген ұйымдардың қатысуымен арнайы тетік әзірленіп жатыр.

Реттелетін кәсіптер тізіміне енгізу және қосымша қорғаныс шаралары

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, риелторларды реттелетін кәсіптер тізіміне қосу мәселесі қаралуда. Бұл олардың кәсіби даярлығына нақты талап қоюға және біліктілігін тексеруге мүмкіндік береді. Министрлік азаматтардың құқықтарын қорғау үшін қажетсіз қызметтерді ұсынуға, тұтынушыға тиімсіз келісімшарт талаптарын енгізуге және негізсіз комиссия алуға жол бермеу мақсатында қосымша заңнамалық шараларды талқылауда. Енді азаматтар риелторлардың кәсіби деңгейі туралы толық ақпарат ала алады.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button