Бельгия компаниялары Қазақстанға инвестиция көлемін арттырып, цифрлық жобаларға қатыспақ
2026 жылғы 16 қарашада Брюссельде өткен жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Бельгияның жетекші «Sarens Group», «Ahlers Logistics» және «BIM e-Solutions» компанияларының басшыларымен кездесті. Кездесулерде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, Қазақстанның көлік инфрақұрылымын дамыту және Транскаспий халықаралық көлік дәлізін (Орта дәліз) цифрландыру мәселелері қаралды.
50 млн долларлық көлік-логистикалық орталық жобасы
«Sarens» компаниялар тобының аға кеңесшісі Хендрик Саренс және «Khorgos Customs & Logistics Platform» директоры Маттиас Саренспен әңгімеде Жетісу облысында құны 50 млн АҚШ долларын құрайтын көлік-логистикалық орталық салу жобасы талқыланды. Бұл жобада 2,1 шақырымдық айналма жол, уақытша сақтау қоймасы және ауыр жүктерге арналған инфрақұрылым қарастырылған. Орталық «Нұр Жолы» өткізу пунктінің өткізу қуатын арттыруға, жүк тасымалын жеделдетуге және Қазақстан мен Орталық Азияның транзиттік мүмкіндіктерін күшейтуге мүмкіндік береді.
Орта дәлізді цифрландыру және жаңа пилоттық жоба
«Ahlers Logistics» бас директоры Дейв ван ден Бос және «BIM e-Solutions» басшысы Майкл Барри келіссөздер барысында Орта дәліз бағытындағы логистикалық қызметті кеңейту және цифрлық технологияларды енгізу жайын талқылады. Әсіресе, «Digital Middle Corridor» атты 90 күндік пилоттық жоба шекарадағы кедендік деректер алмасуды, жүк тасымалын цифрлық сүйемелдеуді, шекарадағы кідірістерді азайтуды және транзиттік операциялардың ашықтығын арттыруды көздейді.
Қазақстанның стратегиялық рөлі және жобаларға қызығушылық
Кездесулерде Қазақстанның Еуразиядағы көлік-логистикалық хаб ретіндегі маңызы атап өтілді. Бельгия компаниялары Орта дәліздің тиімділігін арттыруға бағытталған нақты инвестициялық және технологиялық жобаларды іске асыруға мүдделілік танытты.
Компаниялар туралы қысқаша мәлімет
- «Sarens Group» – ауыр жүктерді көтеру және инженерлік-көліктік шешімдер саласындағы жаһандық көшбасшы, Қазақстанда 2003 жылдан бері жұмыс істейді.
- «Ahlers Logistics» – 1909 жылы құрылған халықаралық бельгиялық логистикалық компания, Қазақстанда 1998 жылдан бастап жұмыс істейді. Қарағанды мен Алматыда жалпы ауданы 11 мың шаршы метр болатын қойма кешендері бар.
- «BIM e-Solutions» – жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып, кедендік және шекаралық рәсімдерді цифрландыруға маманданған компания.



